Жаңа жабдықтың тазалау тиімділігі қала ауасына оң әсер етеді
«Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының № 1 жентектеу пешіндегі екі электр сүзгіні қайта құру қамындағы бірегей экологиялық жобаның алғашқы кезеңі мәреге жетті. Өнеркәсіптік шығарындыларды шаңнан тазартудың ең заманауи жүйесімен жабдықталған қондырғы номиналды қуатқа шығарылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорын үшін бұл жаңғырту – кем дегенде 10 жылдық ауқымды экожобаның алғашқы маңызды кезеңдерінің бірі. Ал бірегей экологиялық бағдарлама – Еуразиялық Топтың экологиялық жаңа стратегиясын іске асырудағы қадамдарының бірі.
«Жоба 2018 жылы ПАЗ-дың № 1 пешті газдан тазарту жүйесін жобалауға келісімшарт жасалған уақытта бастау алды. Кәсіпорын экологтарының пікірінше, осы серпінді және басымдыққа ие жобаны іске асыру өндірістік көрсеткіштерді тұрақты ұстап тұру кезінде шаң шығарындыларын жылына 2376 тоннаға біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа жабдықтың тазалау тиімділігі шамамен 99,99% және жалпы қала ауасына оң әсер етеді. Компания атап өткендей, бұл жобаға біршама инвестиция құйылды – алғашқы екі электр сүзгісін сатып алуға және монтаждауға шамамен 11 млн АҚШ доллары бағытталған», - делінген хабарламада.
Басты орындаушы нарықта танылған – ThyssenКrupp неміс компаниясы. Оның мамандары барлық есептеулерді жүргізіп, жаңа электр сүзгілерінің негізгі құрамын жасады, сонымен қатар ескілерін бөлшектеуге тікелей қатысты.