Қазақстанда тігіншілер халықтың тек 2% ғана киіммен қамтамасыз етіп отыр
Киім тігетін фабрикалардың көбі оңтүстік облыстарда шоғырланған

Қазақстанда киім тігумен айналысатын компаниялар халықтың тек 2 пайызын ғана өз өнімдерімен қамтамасыз ете алады. Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 5 пайыздық инфляция тұсында отандық киімдер 8 пайызға қымбаттаған.
Әйелдер киімі – 7%, ерлер киімі – 7,6%, ал балалар киімінің құны 7,9 пайызға өскен.
Жалпы, 2019 жылдың алғашқы үш тоқсанында 29,1 млрд теңгенің киімі тігілген. Былтыр бұл көрсеткіш 25,5 млрд теңгені құраған болатын. Өнеркәсіп орындарының дені оңтүстік өңірлерге шоғырланған.
- Алматы облысы – 7,2 млрд теңге;
- Алматы – 4,1 млрд теңге;
- Шымкент – 3,1 млрд теңге.
Биыл трикотаж киімдерінің көлемі ұлғайыпты. Сонымен қатар, шляпа және өзге де бас киімдерге, жемпір мен шұлыққа деген сұраныс артқан.
Дегенмен, қазақстандықтар сырт киімді шетелдік тігіншілерден сатып алуға мәжбүр. Өйткені, отандық компаниялар нарықтың тек 1,7 пайызын ғана жаба алады.