ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 392 адамнан коронавирус анықталды

БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы жинақтары 28,6 миллиард доллардан асты

Жыл басынан бері салымшыларға 2 миллиард доллардан астам таза инвестициялық табыс аударылған 

Фото: ашық дереккөзден

2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 12,2 триллион теңге немесе 28,6 миллиард доллардан асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«БЖЗҚ» АҚ зейнетақы жинақтары ағымдағы жылдың басынан бастап 1,4 трлн теңгеге немесе 13%-ға ұлғайды. 

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы 97,6%-ы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасып, 11,9 триллион теңгені немесе 27,8 миллиард долларды құрады.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша, зейнетақы жинақтарының сомасы 294 миллиард теңгені немесе 689 миллион долларды құрады.

Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша, 2 миллиард теңгеден немесе 4,6 миллион доллардан асты. Оларға аударымдардың 0,02% тиесілі.

«Салымшылардың шоттарына 2020 жылдың басынан бері жалпы көлемі 685,6 миллиард теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті, бұл өткен жылдың сегіз айындағы көрсеткіштен 8%-ға артық»,- делінген хабарламада. 

Жыл басынан бері төлемдер 117,5 миллиард теңгені (275 миллион долларды) құрады.

«Көп бөлігі салымшының жасына байланысты төлемдерге - 39,5 миллиард теңге (92,5 миллион доллар), Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға көшу төлемдеріне (23,3 млрд теңге), сақтандыру ұйымдары аударымдары – 31,5 миллиард теңге (54,6 миллион доллар), мұрагерлік төлем ретінде – 19,8 миллиард теңге (46,4 миллион доллар), жерлеуге - 2,4 миллиард теңге (5,6 миллион доллар) тиесілі болды»,- деп хабарлайды БЖЗҚ.

2020 жылдың басынан бастап 1 қыркүйектегі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 871,9 миллиард теңгеден астам немесе 2 миллиард доллардан астам таза инвестициялық табыс аударылды.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 443,1 миллиард теңгеге артық.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 8 айында таза инвестициялық табыс 428,8 миллиард теңгені құрады.