Жарты жылда газет басып шығару қызметі 306,8 млн теңгеге қысқарды
Қазақстанда баспа қызметі он жыл бұрынғы көрсеткішке дейін құлдыраған
2020 жылдың қаңтар-маусымында баспа саласындағы қызметтердің көлемі 14,4 млрд теңгені құрады, бұл – бірінші жартыжылдықтағы 2010 жылдан бергі ең төменгі нәтиже, деп хабарлайды Finprom.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, төмендеу бірден 17,4% құрады. Бұл көрсеткіш екінші жыл қатарынан минусқа шығып отыр.
Сектордағы қызметтердің 60%-ы екі мегаполисте ғана бар: Нұр-Сұлтан (4,4 млрд теңге) және Алматы (4,1 млрд). Үздік үштікті Атырау облысы жабады (864,8 млн теңге).
Қызметтер көлемі 17 аймақтың 13-інде кеміген. Алматыда (2 млрд теңгеге), Ақмола облысында (318 млн теңгеге) және Шымкентте (175 млн теңгеге) төмендеді.
Саладағы қызметтер көлемінің айтарлықтай төмендеуі газет шығару сегментінде байқалды: 306,8 млн теңгеге азайып, 7,9 млрд теңгені құрады.
Журналдар мен мерзімді басылымдарды шығару бойынша қызметтер 286,1 млн теңгеге азайып, 2,2 млрд теңгені, кітап шығару 189,6 млн теңгеге кеміп, 1 млрд теңгеге дейін төмендеді.
Ал анықтамалықтар мен мекенжай тізімдерін шығару бойынша қызметтер көлемі 32,2 млн теңгеге ұлғайып, 135,4 млн теңгеге дейін өсті.