Қаржы министрі жаңа заң жобасында квазимемлекеттік секторға қатысты қандай өзгерістер болатынын айтты
Ведомство квазимемлекеттік сатып алулар жөніндегі заң жобасын әзірледі
Қаржы министрі Ерлан Жамаубаев квазимемлекеттік сатып алу құжаттарындағы заң жобасындағы өзгерістер мен ерекшеліктер туралы айтты. Министрдің айтуынша, әзірленіп жатқан жаңа заң бір-екі айдың ішінде Мәжіліске жіберіледі.
«Квазимемлекеттік кәсіпорындардың қаражаты – ол да мемлекеттің қаражаты. Оны үнемдеп, тиімді пайдалану – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан олардың сатып алу жүйесін қазіргі мемлекеттік сатып алу жүйесіне біріздендіріп, жақындатуымыз керек. Қазір заңдық тұрғыда Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сатып алулар жөніндегі заң жобасын әзірледі. Үкіметте заң жобасы қаралып жатыр, ол заң жобасын бір-екі ай ішінде Мәжілістің қарауына жібереміз. Бұл заң жобасының мемлекеттік сатып алудан өзгешелігі бар. Себебі, квазимемлекеттік сектордың жұмысында кәсіпорындар, өнеркәсіп бар, ол жерде қаржылық, банктік операциялар мен басқа да мемлекеттік функцияға ұқсамайтын операциялар бар. Сондықтан аталмыш заң жобасының ерекшеліктері болады», - деді министр.
Жаңа заң жобасында квазимемлекеттік сатып алудың барлық секторына бірегей ереже орнатуды көзделіп отыр.
«Біріншіден, квазимемлекеттік сектордың барлығына сатып алудың бірегей ережелерін орнату. Қазір ол ережелер әртүрлі болып отыр. Екіншіден, квазимемлекеттік секторда заңбұзушылықтар болған жағдайда әкімшілік жаза тағайындау. Үшіншіден, сатып алу бойынша барлық рәсімді 100 пайыз электрондық форматқа көшіру. Бұл жерде шарттар жасасу, актілер жасасу және камералық бақылау. Біз бұл заң жобасына ерекше көңіл бөліп отырмыз», - деді Қаржы министрі.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жолдауында мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырған болатын.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан