Қазақстан банктерінің активі 75 трлн теңгеден асқан: Тоқаев инфляцияны тежеуді тапсырды

Үкіметке бюджет және салық саясатын байыппен жүргізіп, экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтуге және бизнестің өнімділігін арттыруға жағдай жасауды тапсырды

Қазақстан банктерінің активі 75 трлн теңгеден асқан: Тоқаев инфляцияны тежеуді тапсырды
Фото: скриншот

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инфляциямен күрес пен халықтың табысын арттыру негізгі міндеттердің бірі екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысының сөзінше, кейінгі уақытта бағаның өсу қарқыны бәсеңдегенімен, инфляция деңгейі әлі де жоғары.

«Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады. Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады. Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет», – деді Президент.

Тоқаев Үкіметке бюджет және салық саясатын байыппен жүргізіп, экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтуге және бизнестің өнімділігін арттыруға жағдай жасауды тапсырды.

Сонымен қатар, Президент Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты екенін айтып, елдегі банктердің активі 75 триллион теңгеден асқанын жеткізді. Ал депозит көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 52 триллион теңгені құраған. Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған.

«Қаржы нарығын реттеуші мекемелер де өз міндеттерін сапалы әрі тиімді орындауға тиіс. Ендігі маңызды міндет – жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға пайдалану. Осыған орай, Ұлттық банкке баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы дамытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға да атсалысатын кез келді», - деді Мемлекет басшысы.