ШұғылCOVID-19 жұқтырған 16 науқас аса ауыр халде жатыр

Болат Өтемұратов «Kassa Nova» банкін сатқалы жатыр

«Kassa Nova» банкі – ірі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың иелегіндегі Forte Bank-тің құрамына кіреді

Фото: 2gis.kz

Freedom Holding Corp. қаржы холдингі Forte Bank-тің құрамына кіретін «Банк Kassa Nova» АҚ-ны сатып алатыны туралы мәлімдеді. Шарт «Freedom Finance» АҚ арқылы жүзеге аспақ.

Freedom Finance таратқан баспасөз хабарламасына сәйкес, «Kassa Nova» банкінің 100% акциясын иелену туралы сату-сатып алу жөніндегі келісімшарт жасалып қойған. Келісім антимонополиялық орган мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мақұлдағаннан кейін және тараптардың келісім шарттарын орындағанан кейін аяқталады. Сосын банк активі Freedom Holding Corp. құрамына «Freedom Finance» АҚ-ның еншілес компаниясы ретінде кіреді.

Компания өкілдері банк сатылса да, штаттық режимде жұмыс істейтінін, жоспарланған өзгерістер мәміле жасалып кеткеннен кейін жүзеге асатынын айтты.

«Freedom Holding Corp. халыққа қаржы қызметтерінің кең спектрін ұсыну үшін барлық елде қажетті қаржы институттары болуын қамтамасыз етуге сенімді түрде ұмтылып келеді. «Банк Kassa Nova» АҚ-ны сатып алу - бізге оны клиенттер үшін барынша ыңғайлы және жоғары технологиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз Қазақстанда инвестициялық-банктік сервисі бар заманауи банк құрғымыз келеді», - деп пікір білдірген Freedom Holding Corp басшысы (CEO) Тимур Турлов.

Ал, Forte Bank пен Кassa Nova банкінің басшылары Гурам Андроникашвили мен Шолпан Нұрымбет «Kassa Nova» банкінің сатылуы оны жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірген.

Ақпарат үшін:

Freedom Holding Corp. – «Freedom Finance» компаниясы арқылы қаржы қызметтерін көрсетіп, брокерлік операцияларды жүзеге асыратын, инвестиция, құнды қағаздар бойынша кеңес беретін, инвестициялық-банктік және андеррайтингтік қызметті жүзеге асыратын холдинг. Орталық Азия мен Шығыс Еуропада жұмыс істейді. Бас ғимараты Алматы қаласында.

«Kassa Nova» банкі 2009 жылы халық пен бизнеске қаржы қызметін көрсету үшін құрылған. Белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың иелегіндегі Forte Bank-тің құрамына кіреді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан