Әлемдік нарықта алтын бағасы қайта көтерілді
Алтын бағасының өсуіне геосаяси тәуекелдердің күшеюі мен АҚШ-та пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі мүмкін деген күтулер әсер етті
Биржада алтын бағасы айтарлықтай өсті. 2026 жылғы 7 тамызда Астана уақытымен сағат 18:01-дегі сауда барысында COMEX биржасындағы желтоқсандық фьючерстердің құны шамамен 3%-ға өсіп, бір унциясы 4356,28 долларға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетерлігі, бұған дейін алтын бағасы 4400 доллардан 17 маусымда ғана асқан болатын.
CNBC мәліметінше, алтын бағасының тарихи максимумға жақындауына геосаяси ахуалдың шиеленісуі және АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі базалық мөлшерлемені төмендетуді жалғастырады деген күтулер әсер етіп отыр.
Телеарнаның хабарлауынша, инвесторлар Ормуз бұғазындағы жаңа шиеленіске қарамастан белсенділігін сақтаған. Бұл жағдай энергия тасымалдаушылардың қымбаттауы арқылы инфляцияның күшеюіне ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар осы аптада Қытайдың биржалық инвестициялық қорларына қомақты қаржы құйылған. Сарапшылардың пікірінше, тұрақсыздық күшейген кезеңде алтын жинақ ақшаны сақтаудың және тәуекелден қорғанудың ең сұранысқа ие құралдарының біріне айналып отыр.
Шетелдік сарапшылардың айтуынша, нарық қатысушылары 2026 жылдың соңына дейін Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені екі рет төмендетеді деп күтеді. Бұған қоса, АҚШ президенті Дональд Трамп та ақша-несие саясатын жұмсартуды қолдап отыр.