2020 жылы отандық туризм бизнесі 70-80% шығынға ұшырады
Аталған сұраққа туризм комитетінің төрағасы жауап берді
Бүгін Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Адайұлы 2020 жыл отандық туризм мен қызметтерді экспорттау шығынының қаншаға шыққанын мәлім етті.
«2020 жылы туризм бизнесінің шығыны 70-80%-ды құрайды. Ұлттық банктің мәліметінше, туризм мен қызметтерді экспорттау 2019 жылы $2,5 млрд болса, осы жылы бұл көрсеткіш $650 млн құрайтын болады. Туристік фирмалар мен орналастыру орындары көрсеткен қызметтер көлемі 2019 жылы 300 млрд теңге болса, осы жылдың соңына қарай 60-80 млрд көлемінде болады деп болжап отырмыз», - деді Адайұлы.
Коронавирус инфекциясына байланысты көптеген туристік фирмалар өз жұмыстарын тоқтатқанымен, қазақстандықтар алыс-жақын шетелдерге тур алуын тоқтатпаған.
«Карантинге қарамастан, шетелде демалғысы келетін туристер саны азаймады. Керісінше, күзгі-қысқы маусымға сұраныс артты. Ағымдағы жағдай турбизнес сұранысын толықтай қамти алмай жатыр. Біз жуық арада жағдайдың қайта қалпына келетініне сенеміз», - деді Туризм комитетінің төрағасы.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан