Шымкент, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстары: Смайылов биыл қай әкімдердің бюджетін тексереді
Бүгін президент ЖАП төрағасын қабылдады
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ақорда хабарлағандай, Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның биылғы алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмысының қорытындысын тыңдаған. Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы аралықта 13 ірі мемлекеттік аудит өтіп, палата 5,8 триллион теңгені тексерген.
«Тексеру жұмыстары жекелеген өңірлердің жергілікті атқарушы органдарын, «Проблемалық кредиттер қоры», «Аграрлық корпорация», «Қазпошта», «Ақтау теңіз порты» акционерлік қоғамдарын, денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы мен бірқатар мемлекеттік органдарды қамтыды. Анықталған кемшіліктерді жою нәтижесінде ЖАП мемлекет бюджетіне 128 миллиард теңге қайтарған», - деп хабарлайды Ақорда.
Ал биыл екінші жартыжылдықта Әлихан Смайылов басқаратын палата 20 мемлекеттік аудитті аяқтамақ.
«Оның төртеуі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған. Яғни ЖАП Шымкент қаласын, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарын, сондай-ақ фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктерін тексереді», - деп хабарлайды Ақорда.
Бұлардан басқа, газ бен инвестиция салалары, «Жасыл даму» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметі, жекелеген ұлттық жобалар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы және басқа да бағыттар тексеруден өтпек.