Қазақстан вагон өндірісін жаңғыртып, өнімді көбейту үшін 24 млрд теңге инвестиция тартқан
Бұл туралы бүгін үкіметте өнеркәсіп және құрылыс министрі Нағаспаев мәлім етті
Қазақстан 2026-2027 жылдары өндірісті жаңғыртуға және өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған құны 24 миллиард теңге болатын инвестициялық жоболарды жүзеге асырмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, осы жобаның арқасында 470 жұмыс орны құрылып, отандық вагон жасау саласындағы локазизациялау деңгейі артады.
«Биылдан бастап теміржол бағыттарында жаңартылған жолаушылар вагондары қолданылады. Сондай-ақ өткен жылы Атырау облысында жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна шығаратын вагон жасау зауыты іске қосылды. Кәсіпорын сертификаттаудан өтіп, биыл алғашқы 70 вагон шығаруды жоспарлап отыр.Сонымен қатар локализациялау деңгейін арттыру мақсатында аталған инвестор жылына 60 мың тонна бөлшек шығаратын құю зауытының құрылысын бастап кетті. Зауытты 2027 жылы ашу көзделіп отыр», - деп хабарлады Нағаспаев.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, «Семей машина жасау зауытында» жылына алты жүз жартылай вагон шығаратын жаңа өндірісті ашылған. Ал, Екібастұз қаласында дайын теміржол техникасы мен қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорындар кластері құрылды. Аталған кластер аясында жылына 160 мың дайын өнім шығаратын бандаж кешені пайдалануға берілді.