Үкімет Қазақстанның 11 өңірінде әлемдік деңгейдегі 24 қонақ үй салатын болды
Олардың ішінде Hilton, Marriott және Rixos сияқты ірі желілер бар
Үкімет бірнеше жылдың ішінде Қазақстанның 11 өңірінде әлемдік деңгейдегі 24 қонақ үй салатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бұл туралы бүгін, 10 маусым күні үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. Дереккөзге сүйенсек, ірі қонақ үй желілері Қонаев, Қызылорда, Қостанай және Шымкент қалаларында салынады.
«Алдағы жылдары еліміздің 11 өңірінде әлемдік деңгейдегі 24 қонақ үй салу жоспарланып отыр. Қонақ үйлер жеңілдікпен несие беру және инвестициялық преференция тетіктері арқылы мемлекеттік қолдау аясында жеке инвестициялар есебінен салынады. Олардың арасында Қонаевтағы Hilton және Marriott халықаралық желілерінің қонақ үйлері, Павлодардағы Novotel, Қостанайдағы Courtyard by Marriott, Қызылордадағы Rixos, сондай-ақ Алматыдағы Hilton Garden Inn, Hilton Park Almaty және Radisson Blu нысандары бар», - деп хабарлайды үкімет.
Осылайша үкімет осы қалалардағы сервистің сапасын жақсартып, шетелдік туристерді көп тартпақ.