Мал шаруашылығына бөлінген 30 млрд, ғылымға бөлінген 10 млрд теңге қаржы мақсатсыз жұмсалған – ҚМА

Бүгін президент Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасын қабылдады

Мал шаруашылығына бөлінген 30 млрд, ғылымға бөлінген 10 млрд теңге қаржы мақсатсыз жұмсалған – ҚМА
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Қаржы мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов бірқатар салаларда мақсатсыз жұмсалған қаржы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды

Оның мәліметіне сүйенсек, бюджет шығыстарына жасалған мониторинг мал шаруашылығына бөлінген 30 миллиард теңге субсидияны тиімсіз пайдалану тәуекелдері анықталған. Ал, ғ????ылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған 10 миллиардтан аса теңгені мақсатсыз жұмсау белгілері айқындалды.

«Алаяқтық әрекеттердің алдын алу бойынша 17 қаржы пирамидасының қызметін тоқтаттық және банктер мен байланыс операторларының атын жамылып, арнайы құрылғылар арқылы жаппай фишингтік SMS-хабарламалар таратқан топ әшкереленді. Жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3,7 мың алаяқтық сайт және 22 топтық чат жабылды. 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының заңсыз түрде бірінші санаттағы лицензия алуына жол берілген жоқ», - деп хабарлады ҚМА төрағасы.

Ол сондай-ақ президентке Қылмыстық табыстарды жылыстатуға қарсы қандай күрес жүргізіп жатқанын да хабарлаған.

«Атап айтқанда, заңсыз схемаларда қолданылған дроп-карталарға қатысты 14 сотқа дейінгі тергеу басталды, олардың есепшотындағы қаржының жалпы айналымы 13 миллиард теңгеден асқан. «Көлеңкедегі» тұлғаларға рәсімделген 68 мыңнан астам карта бұғатталған. Жалған компаниялар мен құжаттарды пайдалану фактілері бойынша 23 іс тіркелген, келтірілген залал – шамамен 13 миллиард теңге», - деді ҚМА төрағасы.

Қаржылық пирамидалар, онлайн-казино және алаяқтықтан түскен табысты жылыстатумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметінің жолы кесілді. Криптовалюта айырбастауға қатысты заңсыз онлайн сервистерге кіруге арналған 483 сілтеме жойылды.