Алматыға келген турист ұшатын таксиге мініп, Алатау, Медеу немесе Қапшағайға 10 минутта ұшып бара алады – Бозымбаев

Вице-премьер бұл жобаның сәтті орындалатынына сенеді

Алматыға келген турист ұшатын таксиге мініп, Алатау, Медеу немесе Қапшағайға 10 минутта ұшып бара алады – Бозымбаев
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен «Алатау қаласының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған вице-премьер Қанат Бозымбаев депутаттардың сан түрлі сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттардың бірі, дәлірек айтсақ, Сенат депута Евгений Больгерт бұл қала әлемдегі осындай типтес қалалардан несімен ерекшеленеді деп сұрады.

«Әлемдік тәжірибеде осындай қалаларды жоспарлағанда экономиканың басым бағыттарына көңіл бөлінеді. Алатау қаласында қандай салалар басымдыққа ие болады? Алатаудың әлемдегі осындай қалалардан қандай ерекшелігі болады? Бір сөзбен айтсам, инвесторлар Сингапурдың орнына неге Алатауды таңдайды?», - деді сенат депутаты.

Бұл сұраққа жан-жақты жауап беруге тырысқан Бозымбаев көп адам ойлайтындай, «Алатау Сингапур немесе Дубайдың көшірмесі болады» деген таптаурынды жоққа шығарды.

«Бұл өте ауқымды сұрақ. Алатауды Сингапур немесе Дубаймен салыстыру қиын шығар. Өйткені Алатау — гринфилд. Де-юре ол қала бар, бірақ де-факто – алдымызда әлі талай жұмыс тұр. Сингапур мен Дубай өздерін әлдеқашан танытып алған қалалар. Олармен бәсекелесуге әлі ерте. Әзірге оларға келіп жатқан инвесторлар үшін таласа алмаймыз және таласқымыз да келмейді. Өйткені Дубайдағы қазіргі жағдайды пайдаланып, басқа әлемдік қалалар өздерін соның орнына қойғысы келеді. Бірақ біз емес, біз тез дамитын қала салғымыз келеді», - деді Бозымбаев.

Сондай-ақ, Бозымбаев «қала салу осы екен» деп, үкімет Алатаудың жан-жағын дамыта бермейді дейді.

«Екіншіден, біз Алатау қаласы экономиканың барлық саласын қамтиды деп ойламаймыз. Бұл – тығырыққа апаратын жол. Жан-жаққа шашылғымыз келмейді. Алдағы үш айда қаланы дамытудың стратегиясы дайын болады. Сол стратегияда бәрі жазылады. Қазір біз бес негізгі бағытты көріп отырмыз», - дейді Бозымбаев.

Дегенмен, Бозымбаевтың сөзіне сенсек, қаланы басқалардан ерекше ететіні – Қытайдың Шэньчжэнь қаласы сияқты «ұшатын таксилерге міну» көрінеді.

«Бірінші – «аласадағы экономика» (экономика малых высот - ред). Бір қарағанда бұл қазір ойға қонымсыз, адам сенгісіз дүниелер болып көрінуі мүмкін. Бірақ өздеріңіз осыдан 10 жыл бұрынғы уақытты еске салыңыздаршы. Осыдан 10–20 жыл бұрын біз онлайн дүкендерді тіпті елестеткен емеспіз. Жасанды интеллект те біз үшін ойыншық сияқты еді. Сондықтан «аласадағы экономика» жүйесі маңызды. Біз биылдан бастап алғаш рет Қытайдан кейін аэротаксиді 120 метр биіктікте алыс қашықтыққа ұшырған ел боламыз деген үміт бар. Бұл әзірге Қытайдың Шэньчжэнь қаласында бар. Қазір АҚШ-тың бір компаниясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ол – бұл саладағы озық компания», - деген Бозымбаев дәл Алатау қаласы үшін ұшатын такси инвесторларға қалай қызық болатынын түсіндірді.

Яғни, инвесторлар Алматыға ұшып келген соң Алатауға көлікпен бір сағатын кетірмей, небары 15 минутта ұшып барады деп сендірді Бозымбаев.

«Бұл бағытты тестілеуден өткіземіз. Алатау, Қонаев және Алматының бірнеше нысанын жалғаймыз. Мысалы, Алматының әуежайына ұшақпен ұшып келген турист сол аэротаксиге мініп, Медеуге немесе Қапшағай жағалауына 15 минутта ұшып кете алады. Сондықтан бұл бағыт бойынша жылына шамамен 8 млн турист келеді деген жоспарымыз бар. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Аэротаксилер сағатына 300–350 шақырым жылдамдықпен ұшатынын ескерсек, адамдар Алматы облысындағы үш қаланың арасында 10–15 минутта қатынай алады», - деп сендірді Бозымбаев.