Биыл еліміз қандай тауар түрлерін өндіре бастайды: 1,7 трлн теңгенің жүздеген жобасы белгілі болды
Ауылдар мен моноқалаларда мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады
Қазақстан үшін өнеркәсіп саласы – экономиканың тірегі әрі елдің технологиялық дамуының негізгі драйвері. Соңғы жылдары жаңа өндіріс орындарының ашылуы қарқын алып, өңдеу секторын әртараптандыруға жол ашты. Биыл елімізде 1,7 триллион теңгеге 200 жоба қолға алынып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Сонымен қатар, бұрын Қазақстанда өндірілмеген 10-ға жуық жаңа тауар түрін шығару жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өнеркәсіптік саясатты іске асыру аясында 2025 жылы да айтарлықтай нәтижелерге қол жетті. Жалпы құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 190 жоба іске қосылып, 22,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 6,7 мыңы ауылдарда, ал 1,5 мыңы моноқалаларда құрылды. Бұл тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің де маңызды факторы болып отыр. Осы жобалар толық өндірістік қуатына шыққан кезде олардың жиынтық өнім көлемі шамамен 2,3 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұдан бөлек, 0,8 триллион теңгенің өнімі экспортқа бағытталып, 1,5 триллион теңге көлемінде импортты алмастыру жоспарлануда.
Өндірістік әртараптандыру аясында жаңа өнім түрлерін шығару да басты назарда. Былтыр елімізде бұрын өндірілмеген 10-нан астам жаңа тауар шығарыла бастады. Машина жасау саласында локомотивтердің бөлшектері, автокөлікке арналған құрамдас бөліктер, турбиналық жабдықтар мен жоғары технологиялы сүзгілер өндірісі жолға қойылды. Сонымен қатар, алғаш рет сұйық өнімдерге арналған картон қаптама өндіріле бастады, бұл импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Биыл да осы үрдіс жалғасын табады. Атап айтқанда, машина жасау саласында 8х4 форматтағы, 90 және 105 тоннаға дейінгі жүк көтеретін ауыр жүк көліктері, автобетон араластырғыштар, автомобиль-манипулятор крандар, автогрейдерлер, фронтальды тиегіштер және жаңартылатын энергия көздеріне арналған трансформаторлар шығару жоспарланған. Ал химия өнеркәсібінде сутегі мен натрий сульфатын өндіру қолға алынады. Бұл жобалар елдің технологиялық деңгейін көтеріп, жаңа өндірістік құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы 2026 жылы шамамен 1,7 триллион теңгеге 200 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 19,1 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны, соның ішінде 4,3 мыңы ауылдарда, 1,9 мыңы моноқалаларда ашылмақ.
Индустриялық инфрақұрылымды дамыту да жүйелі түрде жүріп жатыр. Қазіргі таңда елімізде 17 арнайы экономикалық аймақ, 66 индустриялық аймақ және 34 шағын өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Осы алаңдарда 558 жоба іске асырылып, оның 85-і шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асқан. Қазір тағы 453 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, олардың 42-сіне шетелдік серіктестер тартылған. Арнайы экономикалық аймақтарға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1 триллион 47,2 миллиард теңгені құрап отыр.
Сонымен қатар, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құзырында жалпы сомасы 5,4 триллион теңгені құрайтын 27 инвестициялық келісім бар. Оның ішінде 3,2 триллион теңгеге тең 12 келісімге өткен жылы қол қойылған. Бұл келісімдер металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, тоқыма және ағаш өңдеу секілді негізгі салаларды қамтиды.
Жалпы алғанда, жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы, инвестициялық жобалардың көбеюі және жоғары технологиялы өнімдердің игерілуі Қазақстанның өнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтереді.