Қала тұрғындарының ақшалай табысы ауылдағылардан 40 пайызға көп – Finprom
Өткен тоқсанмен салыстырғанда халықтың ақшалай табысы 0,4 пайызға азайған
2020 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның ақшалай табысы жан басына шаққанда 177,4 мың теңге болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4%-ға көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Finprom.kz-ке сілтеме жасап.
«Халықтың қаңтар-наурыз аралығындағы ақшалай табысы өткен тоқсанмен салыстырғанда 0,4 пайызға азайған. Ал осы уақыт аралығында баға 2,2 пайызға өскен. Бұл халықтың сауда жасау мүмкіндігіне кері әсер еткен», - деп жазылған хабарламада.
Айта кету керек, қала тұрғындарының ақшалай табысы ауылдағылардан 40,4%-ға көп. Биыл алғашқы тоқсанда қала тұрғындарының ақшалай табысы 201,3 мың теңге болды, ал ауыл тұрғындарында бұл көрсеткіш 143,3 мың теңгені құрады.
Өңірлер бойынша ең көп табыс Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына тиесілі - 241,6 мың теңге. Алғашқы бестікке Алматы қаласы (224,1 мың тг), Қарағанды облысы (212,1 мың тг), Маңғыстау облысы (210,4 мың тг), Шығыс Қазақстан облысы (205,1 мың тг) енген. Ал ең аз табыс Түркістан (102,8 мың тг), Жамбыл (139,6 мың тг), Қызылорда (142,7 мың тг) облыстарының тұрғындарына тиесілі.