Пәкістан Қазақстаннан 600 электр автобус сатып алады
Болашақта оқушыларды таситын тағы 2 мың автобус жеткізіледі
Қазақстандық Falcon EuroBus компаниясы Пәкістанға жолаушылар тасымалына арналған 600 электр автобусын жеткізеді. Исламабадта өтіп жатқан «Қазақстан-Пәкістан» бизнес форумында екі елдің бизнес тараптары осындай келісімге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратынша, электр автобустардың алғашқы легі Пәкістанға биыл сәуірде жеткізіледі. Коммерциялық келісімнің құны 108 млн долларды құраған. 2027-2028 жылға қарай компания Пәкістанға автобус экспортын 2000 данаға жеткізуге ниетті.
«Біз барлық циклдегі автобустарды шығарамыз. Бүгінгі «Қазақстан-Пәкістан» бизнес форумы аясында біз үшін үлкен нарықтың есігі ашылды. Қазіргі келісім бойынша жолаушылар тасымалына арналған 600 электр автобусын жеткіземіз. B2B кездесуде Пәкістанның білім министрігінің өкілдерімен кездесіп, алдағы уақытта оқушылар тасымалына арналған 2000 дана автобус жеткізуге келісіп отырмыз», - деді Falcon EuroBus директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әділханов.
Еуропалық стандартқа сай автобустардың кең түрін шығаратын кәсіпорын 2018 жылы Алматы қаласында құрылған. Жылына 1500 дана автобус шығаратын кәсіпорын биыл өндіріс қуатын 3000 данаға жеткізуді көздеп отыр. Өйткені қазақстандық электр автобусына көршілес Өзбекстан, Моңғолия, Пәкістанда ғана емес, Еуропа елдерінен де сұраныс жоғары, дейді ведомство.
Айта кетері, «Қазақстан-Пәкістан» бизнес форумы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылған.