Қазақстан мен Иран сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға уағдаласты
Өткен 10 айда Иранмен сауда-саттық былтырмен салыстырғанда 40 пайызға артқан
Қазақстан мен Иран келешекте сауда-саттық көлемін арттыра түседі, бұған әлеуетіміз толық жетеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианмен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тоқаев екі елдің қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанына назар аударып, осы сапардың нәтижесінде өзара байланыс жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
«Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда нәтижелі келіссөздер өткіздік. Өзара ықпалдастыққа тың серпін беретін басым бағыттарды талқыладық. Қос тарап маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойды. Иран – Қазақстанның сауда-экономика саласындағы өте маңызды серіктесі. Осы орайда өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесіне баса назар аудардық. Өткен 10 айдағы сауда-саттық көлемі былтырмен салыстырғанда 40 пайызға артты. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыра түсуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді», - деді президент.
Ол инвестиция ұзақ мерзімге арналған серіктестік кепілі екенін атап өтті. Айтуынша, Қазақстанда 700-ге жуық Иран компаниясы бар. Бұл компаниялар негізінен өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді.
«Қазақстанның іскерлік қауымдастығы да Иран экономикасына инвестиция салуда. Кәсіпкерлеріміз тау-кен, көлік-логистика, азық-түлік өндірісіне қатысты түрлі жобаны жүзеге асырып жатыр. Біз сенімді серіктес ретінде шетелдік инвесторларды қолдауға, оларға қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайынбыз», - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев осы ретте Иран компанияларын ұзақ мерзімге арналған ірі жобаларға атсалысуға шақырды.