Ақмола облысында сақ дәуірінің жәдігері табылды
Сонымен қатар ғалымдар 20-ға жуық жаңа археологиялық ескерткіш тапты
Ақмола облысында Атбасар ауданының Магдалиновка ауылына жақын маңда орналасқан Магдалиновка V қорымынан сақ дәуіріне жататын жәдігер табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
1992 жылы анықталған қорым 2006 жылдан бастап археолог Анатолий Плешаковтың жетекшілігімен зерттеле бастады. Ғалымдардың айтуынша, Атбасар ауданында жүзден астам археологиялық нысан бар. Қорымды қазған археологтар қола және ерте тас дәуіріне тән 20-ға жуық археологиялық құндылығы жоғары ескерткіштерді анықтады.
«Ескерткіштерді ашып қараған кезде қорғанның ортасында белгісіз темір затқа күректің ұшы тиді. Дереу одан әрі қаза бастадық. Біршама тереңірек бойлай қазып шамамен 0,30 см. тереңдікте темір қылыш табылды. Мұндай олжа табылғанына қатты қуанып, мәре-сәре болдық. Қылыштың жалпы ұзындығы 79 см, тұтқасының ұзындығы 6,5 см, қалыңдығы 0,4 – 0,8 см, ені 0,7 – 2,8 см болды. Қылыштың ұшы 14 см, екі жағы да ұшталған, сұқпасы 58 см. Қылыштың ортаңғы тұсы және ұш жағы майысқан, бәлкім, ауыр тастардың салмағынан болар», - дейді археологтар.
Аталған жәдігер Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-нің жұмыс жоспары бойынша 2020 жылдың маусым айында жаңа археологиялық объектілерді анықтау мақсатында Атбасар ауданында жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесінде табылып отыр.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы