Қазақ деректі фильмі Нью-Йорктегі беделді сыйлыққа номинант болды
Биыл деректі фильмдер бағдарламасына әлемнің түкпір-түкпірінен 12 туынды іріктелген

Режиссер Алина Мустафинаның «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» фильмі АҚШ-та өтетін 48-ші Asian American International Film Festival аясында «Перспективті деректі кино режиссері» аталымына ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үш үздіктің қатарында
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, биыл фестивальдің деректі фильмдер бағдарламасына әлемнің түкпір-түкпірінен 12 туынды іріктелген. Номинацияға тек үшеуі ғана өткен, олардың бірі – қазақстандық картина.
Фильм туралы
Бұл роуд-муви форматындағы деректі туынды, онда үш буыннан тұратын қазақстандық әйелдер отбасы Польшаға, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан аталарының қабірін көруге сапар шегеді.
Фильм көтеретін негізгі тақырыптар:
- тарихи жады және тамырын іздеу;
- ұлттық және жеке идентификация;
- ұрпақтар арасындағы байланыс пен сабақтастық;
- өткенді қайта бағамдау.
Картина ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Халықаралық жетістіктері
Бұл жоба бұған дейін де әлемдік кинематографияда жоғары бағаланды:
- Әлемдік премьера – Пусан халықаралық кинофестивалі (Оңтүстік Корея);
- Еуропалық премьера – Турин (Италия);
- Гран-при – Cinema Verite (Иран);
- Президент сыйы – «Бастау» кинофестивалі (Қазақстан);
- Арнайы көрсетілімдер – Bolzano Film Festival Bozen (Италия) және ORAI Festival;
- Қазақстандағы «Сыншылар таңдауы» жүлдесінің «Үздік дебют» номинациясына іліккен алғашқы деректі фильм.
Фестиваль туралы
Asian American International Film Festival – АҚШ-тағы ең көне және беделді азиялық кино фестивалі. Ол 2025 жылы 31 шілде мен 10 тамыз аралығында Нью-Йоркте өтеді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 10 тамызда Манхэттенде ұйымдастырылады.