$ 539.49  627.7  6.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Аудиовизуал ұрпаққа Абайды қалай танытамыз: кинопродюсер Айсәуле Әбілданың пікірі

Кино өндірісінде жиі айтылатын үштік бар: уақыт, ақша және кәсібилік

Аудиовизуал ұрпаққа Абайды қалай танытамыз: кинопродюсер Айсәуле Әбілданың пікірі
Фото: скрин/«Абай жолы» телесериалы

Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында елімізде ақын мұрасын кең көлемде насихаттау, жаңа буынға тереңірек таныту бағытында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Алайда бүгінгі ұрпаққа Абайдың шығармаларын тек оқулықтан немесе дәстүрлі форматтағы шаралардан ғана емес, заманауи медианың, соның ішінде кино өнерімен санасына сіңіру маңызды мәселе. Azattyq Rýhy тілшісі осыған байланысты белгілі кинопродюсер Айсәуле Әбілданың пікірін білді.

Бұған дейін отбасылық киногерлер Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілда «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаяларын түсіріп, көрерменнің жүрегінен ойып тұрып орын алған.

«Біздің алғашқы жеке ірі жобамыз - «Абай жолы» телехикаясы болды.  Осы туынды кино әлеміне даңғыл жол салып берді. Сериалда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын жазу жолындағы күресі, шығармаға бүкіл ғұмырын арнағаны, сол жолда қандай құрбандықтарға барғаны баяндалады. Ол кезде біз Америкадан енді ғана оқуымызды тәмамдап келіп, түрлі телеарналарға ұсыныстарымызды айтып, өзімізді таныстырып жүрген едік. Абайдың 175 жылдығына дайындық жүріп жатқан шақ. Мұраттың «Абайды Әуезов арқылы танытсақ» деген идеясы мемлекеттік арна тарапынан қолдау тауып, сол жылы жобаны жүзеге асырдық. Телехикая сәтті шықты. Көрермендер мен сыншылардан оң бағасын алды», - дейді кинопродюсер.

Дегенмен жобаның жарнама тұсы әлсіздеу болған көрінеді. 

«Телесериал өндірісіне тән маркетинг жағы кемшін болды. Кейін біз сол жобаны кинотеатрға бейімдеп қайта ұсынғымыз келген, алайда қолдау таппады. Егер осыны қайта өңдеп, заманауи монтажбен ұсынса, көрерменге қызық болар еді деп ойлаймын. Мұны қысқа уақытта жасап шығатын, ең тиімді тәсіл ретінде ұсына аламын», - дейді ол.

Оның пікірінше, Абай туралы жаңа дүние жасау үшін сапалы сценарий, кәсіби мамандар мен жеткілікті қаржы қажет. Сондай-ақ уақыт факторына да мән берген жөн.

«Жақсы туынды жасау үшін кәсіби деңгейде жұмыс істейтін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын компания керек. Қаржылай қолдаумен қатар, шығармашылыққа жеткілікті уақыт берілуі қажет. Кино өндірісінде жиі айтылатын үштік бар: уақыт – ақша – кәсібилік. Үшеуі қатар келгенде өте сапалы туынды шығады. Бізде жақсы фильм түсіруге толық мүмкіндік бар», – дейді ол.

Кинопродюсердің сөзінше, Абай қазақ мәдениеті мен әдебиетінде өлшеусіз орны бар, әлдеқашан дәріптеліп қойған тұлға. Сондықтан алдағы уақытта ақынның мұрасын аудиовизуалды тәсілмен, бүгінгі буынға түсінікті тілде жеткізу керек.

«Қазіргі ұрпақ – аудиовизуалды ұрпақ. Сол себепті Абайдың терең философиясын, ой салар дүниелерін соларға лайықтап ұсынуымыз қажет. Қолда бар дүниені заман талабына сай жеткізе алмай отырмыз. Жақсы кинотуынды жасап шыққанда, жастар жарнамасыз – ақ көретін болады», -деп қорытындылады Айсәуле Әбілда.

Серіктес жаңалықтары