Қор зерттеушілері құнды археологиялық олжа тапты
Жетісу облысында ежелгі ортағасырлық қаланың іздері табылды. Бұл жаңалықты тарихи-мәдени мұра объектілерін зерттеумен айналысатын «Охотники за петроглифами» қоғамдық қорының өкілі Ольга Гумирова Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 6 маусымда қор қызметкерлері карьер маңынан күйдірілген кірпіштен қаланған мұнараның қалдығы мен қабырға іргетастарын байқап қалған. Бұл құрылымдар монғол шапқыншылығы кезінде өртке оранған ортағасырлық қаланың қалдығы болуы мүмкін.
«Бұл — бекер өткен күн емес! Көптен бері ізделіп жүрген ортағасырлық қаланы тапқандаймыз. Оның жазба деректерде кездесетіні белгілі. Археологтар бұл туралы қазірдің өзінде хабардар», – деп жазды Гумирова.
Қаланың нақты атауы әзірге анықталған жоқ. Алайда зерттеушілер бұл Талхиз немесе Қойлық сияқты ірі ортағасырлық қалалармен деңгейлес болуы ықтимал екенін айтады.
«Қала моңғол шапқыншылығы кезінде өртелген. Қазір не екенін анықтап жатырмыз», – дейді зерттеуші.
Жетісу облысының топырағы талай тарихи құпияны жасырып жатқаны анық. Жаңа табылған құрылымдар осы құнды ескерткіштер қатарына қосылуы мүмкін.