Димаш Лондондағы тыңдармандарына Қазақстанның болашағы туралы не ойлайтынын айтты
Ертеңіміз біздің өзімізге байланысты, деді әнші

Әнші Димаш Құдайбергеннің 400-ге жуық тыңдарманы Лондондағы алғашқы фан-кездесуде бас қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы әртістің ресми сайтында хабарланды.
Ең маңыздысы – бейбіт өмір
Фан-кездесуде Димашқа көптеген сұрақ қойылды. Жанкүйерлердің көбін әншінің шығармашылығына қатысты сұрақтар қызықтырды.
Димаш өзінің ең үлкен композициялық туындысы «The Story of One Sky» туралы айта келіп:
«Мен бұл жобаны не үшін жасадым деген сұраққа келетін болсақ… Мен адамдарға бейбітшілік пен бейбіт өмір туралы еске салғым келді. Мүмкін мені ескіше ойлайтын адам деуіңіз мүмкін. Бұл туралы барлық қойылымда айтып жүрмін және айтудан еш жалықпаймын. Ең маңыздысы – бейбіт өмір. Мен адамзатқа соғыссыз өмірді насихаттаймын. Осы керемет жобаны жүзеге асыруға қолқанат болған барша қолдаушыма шексіз алғысымды білдіремін», - деді.
Бразилиялық бір жанкүйер әншіден альбомды толығымен ағылшын тілінде шығару жоспары туралы сұрақ қойды. Димаш қазіргі альбомдар онша танымал емес екенін түсіндірді. Сондықтан ол бұл сұраққа нақты, сенімді жауап бере алмайтынын және премьераларды бөлек сингл ретінде шығару әлдеқайда дұрысырақ екенін айтып өтті.
Лара – ең керемет әнші
Бір күн бұрын Димаш Лара Фабианның концертіне арнайы қонақ ретінде қатысып, «Adagio» әнімен дуэт орындаған болатын. Димаш фан-кездесуде Ларамен серіктестігінен алған әсерін бөлісті.
«Ең бастысы, ол мені ерекше шабыттандырады. Соған қарамастан ол өте қарапайым. Оның дауысы өте күшті, өте сезімтал және өте әдемі. Менің ойымша, ол осыған дейінгі ең керемет әншілердің бірі. Менің бұл ойыммен бәрі келісетін секілді. Сондай-ақ осы мүмкіндікті пайдаланып, Ларамен ән шырқау мүмкіндігіне ие болғаным үшін алғысымды айтамын», - деп атап өтті әнші.
Димаш жанкүйерлеріне ағылшын және қытай тілдерінде жылы лебізін білдірді. Кештің басты кейіпкерінен жанкүйерлері оның өзіне ерекше ұнайтын әні туралы сұраған болатын.
«Өмір». Өйткені… Бала кезімде талай өлең жаздым. Брақ ол қасиетімді ешкімге білдірмедім. Тек отбасы мүшелерім білді. Бірақ біраз жылдан кейін «Өмір» атты әнімде алғаш рет бүкіл көрерменмен өзімнің ішкі жан әлеміммен бөлістім. Қолдауларыңызға көп рахмет. Бұл ән мен туралы. Менің өмірім туралы», - деді ол.
Дауыс – адамның қаруы
Түрлі тақырыптарды талқылау барысында Димаштан оның сүйікті тағамы, ең жақсы фильмдері мен жалғыз қалғанда не туралы көбірек ойлайтыны сұралды.
«Мен өмірді, жұмысты ойлаймын. Отбасы мүшелерім туралы, достарыммен қарым-қатынас туралы ойлаймын. Ешқандай ерекше ештеңе жоқ… Өткен өмірім, болашағым туралы ойлаймын», – деп жауап берді әртіс.
Димашқа оның дауысына қатысты қызықты сұрақ қойылды: «Сіздің дауысыңыз ерекше қандай да бір аспап па, әлде денеңіздің бір бөлігі, бұлшық ет пе?».
«Күн сайын жаттығу керек, сол жеткілікті. Менің дауысым – өте жақсы қару. Дауыс – адамның қаруы, ол бүкіл әлемдік көрерменге жақсы нәрселерді еске түсіру үшін қажет», – деп жауап берді ол.
Жастар түп-тамырын мақтан ете бастады
Димаштан Қазақстанның болашағы мен қазақ тілі туралы не ойлайтыны туралы ана тілінде сұрақ қойды.
Маңызды сауалыңызға рахмет. Бүгінгі таңда қазақ жастарының білімге құштарлығы қуантады. Сіздерге бақыт, береке тілеймін. Ұрпақтарымыз салт-дәстүрді ардақтап, тек алға ұмтылуын тілеймін. Мен Қазақстанның жарқын болашағына сенемін. Шынымды айтсам, ертеңіміз біздің өзімізге байланысты. Біз реніштерімізді өткеннің еншісіне қалдырып, алға үмітпен қарауымыз керек. Еліміздің болашағы біздің қолымызда. Әркім өз үлесін қосса, қазақ тілі мен мәдениеті дамитыны анық. Қазіргі таңда қазақ тілінде бәрі еркін сөйлей бермейді, алайда қаншама қазақ жастары қайда жүрсе де, елде болсын, шетелде жүрсін, ана тілін қадірлеп, қазақша ән шырқап, түп-тамырын мақтан ете бастады. Бұл біздің тарихымыз», - деді Димаш.
Димаштың жеке концерті 2025 жылдың 12 қарашасында Лондонда OVO ARENA WEMBLEY стадионында өтеді.