Қалдаяқовтың ұрпағына Шәмшінің әндері үшін 22 мың теңге ғана төлеген: депутат министрге неге шүйлікті
Авторлық қоғамдар әндерді орындаудан түскен көп бөлігін өз қалтасына басады дейді мәжілісмен

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтан авторлардың құқығын бұзып жүрген авторлық қоғамдардың заңсыздығына қашан тосқауыл қойылатынын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, қазір елімізде 15-16 авторлық қоғам бар. Бірақ олар авторлардың құқығын өте қатты бұзып отыр.
«Мәселен автордың шығармасы орындалады, сол үшін авторлық қоғамға ақша түссе, сол ақшаның 70 пайызы авторлық қоғамда қалады, 30 пайызы ғана автордың өзіне барады. Нақты дерек келтірейін, 2023 жылы ұжымдық авторлық басқару ұйымдарына 1 млрд 550 млн теңге түскен. Соның 439 млн теңгесі ғана авторларға барған. Яғни үштен бірі, бұл сұмдық жайт. Сондықтан дәл осы заңсыздықты қалай түзейсіздер? Өйткені Шәмші Қалдаяқовтың 55 әнін орындағаны үшін авторлық қоғамдар үш айда Қалдаяқовтың ұрпағына 22 мың теңге төлеген. Қазір ол сома үш айда 18 мыңға түсіп кеткен. Осы мәселе нақты қашан шешіледі? Нақты датасын айтыңыз», - ашуланды министрге сауал жолдаған Сәрсенғалиев.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, авторлардың құқығын қорғау үшін екі қадам керек. Біріншісі – заң жағынан, екіншісі – ұйымдастыру жағынан. Қазір министрлік авторларға өз туындыларынан қанша ақша түскенін, неше рет пайдаланылғанын бақылап отыруға мүмкіндік беретін цифрлық платформа әзірлеп жатыр.
«Біз бүгіннен бастап тиісті платформаны әзірлеп жатырмыз. Біздің ойымызша ол платформаны күзге дейін жазып боламыз. Ал заңды қабылдау мерзімін мен айта алмаймын, бұл екі палатаның құзыретіне кіретін нәрсе. Заң қабылданып, президент қол қойғаннан кейін, ал сол кезге дейін біз ұйымдастыру жұмысын қамтамасыз етсек, екі жақтап осы мәселені шешеміз деп ойлаймын», - деді Әділет министрлігінің басшысы.