Оралда колледж директоры өзі туралы шағым айтқан дирижердің Instagram-ын блокқа түсіруді тапсырған ба (ВИДЕО)
Әдиет Қаратаев дәлел ретінде бейнежазба да ұсынып отыр

Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің ұстазы, дирижер, хормейстер Әдиет Қаратаев әлеуметтік желісі арқылы осы оқу орнының директоры Нұржан Сертековтің ақша жинайтынын мәлімдеді. Осы видеоүндеуін өзгелерге көрсетпеу үшін директор қол астындағы өзге қызметкерлерге Әдиет Қаратаевтың жеке парақшасына шабуыл ұйымдастыруды тапсырған. Осылай деген Әдиет Қаратаев БАҚ пен Антикордан көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Менің күні кеше салған пост жазбамда көпшілік тарап ашық өз ойларын білдіріп жатқаннан кейін, енді бұл бейнежазбаны жойғысы келіп жатыр. Қазіргі кезде Құрманғазы атындағы саз колледжінің басшысы тағы лауазымын асыра пайдаланып, колледж ұстаздарына бұйрық беріп жатқан көрінеді! Достар, әріптестер, жанашырлар мен ол жазбаны жеке өзіме психологиялық қысым көрсетіліп жатқаннан кейін салдым», - деп жазды ұстаз.
Жалпы, бұл мәселе бір апта бұрын жария болды. Әдиевт Қаратаевтың айтуынша, колледж директоры ұстаздардан ақша жинап, оларды жеке шаруасына жұмсайды. Барғысы келмеген концерттерге билет алдырып, оқығысы келмеген кітаптарды сатып алғызады екен.
«2016 жылы осы оқу орнына Алматы қаласынан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіріп келіп, жұмысқа орналастым. Сол сәттен бастап жұмыс барысындағы мекеме басшысы Нұржан Орынғалиұлы Сертековтың тарапынан көңілге жат көп деген іс әрекеттеріне куә болдым», - деген ол бірқатар мәселені тізіп шығыпты.
Соның ішінде, Әдиет Қаратаев мына мәселелерді атап өткен:
- ұжымнан (еркінен тыс) жиі ақша жинау;
- сабаққа келмейтін (қатыспайтын) студенттер оқудан шықпайды, керісінше, үздік диплом алады;
- өз ойын еркін, адамгершілікпен білдіре алған бірқатар мамандар оқу жылының соңында жұмыстан шығып кеткен;
- колледж ішіндегі ескі аспаптарды немесе компьютер құрылғыларын жаңартса жақсы болар еді деген әріптестердің ұсыныстарына шүйлігіп, «үкімет ақша бөлмей жатыр» деген көпшілік алдындағы сөздерінің куәсі болдым», - деп жазды ол.
Оның айтуынша, Әдиет Қаратаев бұл мәселелерді білім басқармасына, Антикорға, оқу-ағарту министрлігіне де жазған. Нәтиже болмаған соң ол проблеманы әлеуметтік желіге ашық жазған.
«Содан кейін маған қысым көбейді», - деп жазды ол.
Біз осы мәселе бойынша Батыс Қазақстан облысының білім басқармасына хабарластық.
«Осы мәселе бойынша комиссия құрылып, жағдайды жан-жақты зерттеу үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деп хабарлайды БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.