Қазақстандықтар музейлер мен театрларды үйден шықпай-ақ тамашалай алады
Бұл үшін цифрландырылған жеке модуль іске қосылады

Мәдениет және ақпарат министрлігі жасанды интеллектіні қолданатын цифрлық бастамалар әзірлеп жатыр. Солардың бірі – «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын цифрландыру». Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір министрлік аясында «Qazaq Culture» ақпараттық-ағартушылық платформасы жұмыс істейді. Платформа 8 тілде қолжетімді: қазақ, ағылшын, орыс, түрік, қытай, араб, испан, француз.
«Qazaq Culture» платформасы еліміздің мәдени құндылықтары туралы тек қазақстандық емес, сонымен қатар шетелдік аудиторияға да ақпарат таратады. Жобаны кеңейту аясында Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы, құнды экспонаттар мен сирек кездесетін жәдігерлер цифрландырылатын жеке модуль іске қосылады.
Негізгі мақсат – үйден шықпай-ақ Қазақстан музейлері мен театрларын, көрмелерін тамашалау, Қазақстандық телевизияның алтын қорымен танысу.