«Алдымдағы 6 ағам шетінеп кеткен екен»: опера әншісі Марья Мудряк ата-анасының жанқиярлығын сөз етті (ВИДЕО)
Атақты опера әншісі Марья Мудряк 20 жылдан бері Италияда тұрса да, азаматтығын ауыстырмаған
Қазақстанның атақты опера әншісі Марья Мудряк журналист Динара Сәтжанға сұхбат бере отырып, өмірі, өнері және ата-анасы туралы сыр ақтарған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жалпы, Марья Мудряк Қазақстанда аса танымал болмаса да әлемнің опера саласында аты аңызға айналып үлгерген адам. Ол небары 3 жасынан бастап конкурстарда опера майталмандарының көзіне түсіп, әртүрлі елдерден шақырту ала бастаған. Өзінің айтуынша, тоғыз жасында Миланның Жоғары музыка академиясының шақыруын алған.
«Тоғыз жасымнан бастап он жасыма дейін академия мені қарап, зерттеп көрді. Он жасымда мені түбегейлі оқуға шақырды. Бірақ, оқу ақысы қымбат еді. Менің өнерімді білген өзге елдер «осы оқудың ақшасын төлеп берейік, біздің елдің атынан өнер көрсет» деген ұсыныстар айтты. Бірақ әкем «Марьяның Отаны болу керек және ол бар да! Біз тек Қазақстанның көмегіне жүгінеміз» деді. Осылайша мен 9-10 жасымда «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырып, тесттердің бәрінен өтіп, стипендия алдым», - дейді Марья.
Осылайша, он жасында Италияға кеткен Марья қазір әлемнің ең беделді сахналарында жарқырап өнер көрсетіп жүр. Италияда өмір сүру қымбат болған соң ата-анасы ақылдаса келе, Миланда тұтас отбасы емес, тек Марья мен анасы ғана өмір сүреді деп шешкен екен.
«Ата-анам маған тек жарық дүние сыйлаған жоқ, олар менің осындай жетістікке жетуіме бірден бір себепші адамдар. Бала күнімнен-ақ «осы дүние саған ұнай ма, не істегің келеді» деп ақылдасып отыратын. Олар менің өсіп-өнуім үшін жеке өмірлерін, тіпті, мансаптарын ысырып қойды. Бәлкім мен ұзақ күткен балалары болған соң, солай шығар. Олай дейтінім, менің алдымда алты ағам шетінеп кеткен екен. Жетінші баласы болып мен туып, тірі қалғанда әке-шешемнің төбесі көкке жеткенше қуанған. Сондықтан, менің талантымды шыңдау үшін барын берді. Милан өте қымбат қала болған соң әкем туған жерім Павлодарға оралып, жұмыс істеп, ақшасының бәрін бізге жіберіп тұрды. Ал, тіл білмеген соң әрі қалтамызда 700 еуро ғана бар анама мүлде оңай болған жоқ. Ең алғаш Миланға бара салғанда анамның шаршағаны соншалық 17 келі салмақ тастаған еді», - дейді Марья.
Ал, қазір отыз жастағы Марья әлемдегі ең танымал әрі жас опера әншілерінің бірі. Оның шетелдік сахналарындағы қойылымдарына әлем элиталары барады.