Димаш Құдайберген шекарашылармен кездесті
Әншіге зал толы көрермендер көкейдегі сауалдарын қойды
Әйгілі әнші Димаш Құдайберген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына барып, курсанттармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оны академия бастығының бірінші орынбасары, полковник А. Исмаилов және басшылық құрам күтіп алды.
Әншіге зал толы көрермендер көкейдегі сауалдарын қойды. Шекарашылардың қара қазанына айналған қара шаңырақтағы қызықты кездесуде курсанттардың бірі оған шекарашылардың жасыл күнқағарлы фуражкасын сыйға тартса, енді бірі Александр Бектің «Арпалыс» атты кітабын тарту етті.
Кездесу барысындағы қызықты әңгімені мұқият тыңдаған курсанттар мен әскери қызметшілер мұндай қайталанып келмес тарихи сәтті қалт жібермей, кезек-кезек естелікке суретке түсті.
Дінмұхаммед (Димаш) Қанатұлы Құдайберген, 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Қанат Құдайбергенұлы мен Светлана Айтбаеваның отбасында дүниеге келген.
Димаштың ата-анасы –танымал әншілер Қанат және Света Айтбаевтар. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев облыстық филармония басшысы болса, анасы Светлана Айтбаева – облыстық мәслихат депутаты. Димаштың ата-әжелері де өнер адамдары.