Мәдениет және ақпарат министрі Ақжол Мейірбековтің жақындарына көңіл айтты

Azattyq Rýhy

Ақжол Мейірбеков кеше 73 жасқа қараған шағында өмірден өткен еді

Мәдениет және ақпарат министрі Ақжол Мейірбековтің жақындарына көңіл айтты
Фото: t.me/qazaqstantv

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі Ақжол Мейірбековтің жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы, мәдениет саласының майталманы Ақжол Мейірбеков ағамыздың дүниеден өткені жайлы қаралы хабар жетті. Арда азамат қазақ эстрадасының қалыптасуы жолында айшықты із қалдырып, талай буынның талғамын қалыптастырды. Сондықтан танымал тұлғаның қазасы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырғаны анық», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Балаева атап өткендей, Ақжол Мейірбеков өнер кеңістігінде өзіндік жолын қалыптастырып, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблімен бірге елдің ыстық ықыласына бөленіп, соңында өшпес із қалдырды. Оның жарқын бейнесі қалың жұртшылықтың жадында мәңгі сақталары анық.

«Марқұмның ағайын-туысы, жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын»! – деді Мәдениет министрі.

Еске сала кетейік, кеше, 25 қараша күні әнші Ақжол Мейірбеков 73 жасқа қараған шағында өмірден өткен еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.