Түркияның белгілі әншісі Абайдың әніне бейнебаян түсірді

Опера әншісі «Көзімнің қарасы» әнін таңдаған

Жуырда Түркияға белгілі опера әншісі Айбен Эрсой Абайдың «Көзімнің қарасы» әніне бейнебаян түсірді.  Бұған дейін еліміздегі түркі елдері әншілеріне арналған бірталай халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген Айбен қазақтың ән әлемімен таныстығы туралы Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берген еді.

Айбен бір кездері елордамыздың тұрғыны болған. Айтуынша, Қазақстанда өнердегі, өмірдегі достары тұрады. Ал қазақ әніне деген махаббаты Қазақстанда өткен халықаралық конкурстарға қатысып жүрген кезден бастау алған.

«Қазақстанда тұрған аралықта мен қазақ өнерімен жақынырақ таныстым. Сіздердің әуендеріңіз бен біздің халық әндерінің ұқсас тұстары бар. Алғаш Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін естігенде сөзін түсінбесем де, әуенін сезіндім. Содан соң түбі бір туысқан елдің өнерін біріктіру үшін бір нәрсе істеуім қажет деген ойға келдім. Осылайша, сіздердің елмен байланысты менің де бір өзіндік жобам пайда болды», - деп бастады ол әңгімесін.

Айбенге қазақ пен түрік тілі ұқсас болғандықтан ән мәтінін жаттау қиындық тудырмаған.

«Жаңа тілдің фонетикасын дәлме-дәл келтіру оңай емес, алайда, түрік пен қазақ тілі ұқсас болғандықтан, ән мәтінін жаттау қатты қиын тиді деп айта алмаймын. Қазақ бауырларым тарапынан менің акцентіме қатысты әзірше сыни пікірлер болмады (күліп). Сол себепті, менің орындауымдағы Абайдың әні сіздердің көңілдеріңізден шықты деп ойлаймын», - деді ол.

Айбен опера жанрында ғана емес, поп музыка жанрында да ән орындайды. Оның өнерге келуіне музыкант әкесі себепші болған.

«Менің музыкаға деген қызығушылығым кішкентай кезімнен бастау алды десем  болады. Жалпы, өнер әлеміне келуіме мені әкем шабыттандырды, себебі, ол кісі де музыкант. Күні бүгінге дейін әкемнен және басқа да талантты ұстаздардан музыкалық білімімді жалғастырып келе жатырмын. Ән арқылы сіз бен біз өмір сүріп отырған ортаға өз пайдамды тигізіп, адамдарға қуаныш сезімін сыйлағым келеді», - деп ағынан жарылды ол.

Айбеннің сөзінше, қазақстандық тыңдармандар оны Silk Way Star-дан бері біледі. Ол Алматыда өткен «Жібек жолы» конкурсында үміткер емес, әділқазы мүшелерінің бірі болдым дейді.

«Алматыда өткен «Жібек жолы» сайысы өте жақсы жобалардың бірі. Сол конкурста өткен әрбір сәт менің есімде. Камерадан тыс өзіме көптеген дос, әпке мен бауырлар таптым. Олардың әрқайсысымен қызыққа толы, жақсы сәттерді бастан кештік. Болашақта сол жандармен басқа да жобаларда бірге істеуді тағатсыздана күтіп жүрмін. Әзірше, қазақстандық әншілермен бірлескен жеке жобамыз болмады. Бірақ болашақта жаңа жоба бастау туралы ұсыныс болып жатсақ, қуана қабыла аламын», - дейді.  

Сөз соңында Айбен коронавирусқа байланысты үйден шықпай отырғанын және бұл жағдайдан барша әлем болып бірге шығуымызды тілейтінін жеткізді.

«Жеке өз басым үйден шықпай, бар ережені сақтап отырмын. Бұл мен үшін ғана емес, айналамдағылардың алдында да үлкен жауапкершілік. Бізде де пандемияға байланысты қажетті департаменттер белсенді түрде жұмыс атқаруда. Аталған індет тезірек аяқталсын деп баршамыз бірге дұға етейік. Себебі, дәрігерлер бар күштерін салып. сіз бен біздің өміріміз үшін аянбай еңбек етуде. Қазақ пен түрік елі ғана емес, барша әлем жұртшылығы осы хаостан тезірек құтылса деп тілеймін!», - деп аяқтады ол әңгімесін.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Сұхбат
«Туристік қамқор» басшысы Асылхан Есіловпен сұхбат
Түркиядағы қазақ журналисі шетел асқысы келетін жастарға кеңесін айтты