Белгілі продюсер мен айтыскер ақынның не үшін келіспей қалғаны белгілі болды
Мөлдір Мұқанованың мәлімдемесіне орай Айшолпан Тілеутай әлеуметтік желіде назын айтты
Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі, продюсер Мөлдір Мұқанова мен айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай арасында дау туындады, деп хабарлады Azattyq Ryhy.
Әншінің продюсері болған Мөлдір Мұқанова Айшолпанмен не үшін келісімшартты жалғастырмағанын Асхат Садырбай мен Перизат Мырзахмет жүргізетін подкаста айтты. Бұл мәлімдемеге кейін Айшолпан Тілеутайдың өзі парақшасында видео арқылы жауап берді.
Мөлдір Мұқанова Айшолпанмен жұмыс істеу қалай басталғанын айтты.
«Айшолпан маған өзі келді. Халыққа ренжи береді екен. Өзінің жерлес айтыскер әпкерлері – Айнұр Тұрсынбаева мен Сара Тоқтамысоваға деген ренішін айтты. Әңгіме арасында негізі сол кісілер қолдау керек еді, бірақ сіз көмектесіп жүрсіз деп қалатын. Сөйтіп, 5 жылға келісімшарт жасап, продюсері болдым», - дейді Мөлдір Мұқанова.
Оның айтуынша, келісімшарттың екі пункттен алып тастаған. Біреуі – күйеуге шығуға болады, екіншісі – салмақ қоса берсең де ештеңе айтпаймын деген рұқсат.
«Салмақ қоспау туралы шарт болса да, орындалмас еді. Оны мен өзім білген соң айтып отырмын. Басында барлығы әдемі болды. Концерттерге шықты. Бір күні Айшолпан жоғалып кетті. Таппай қалдық. Сосын 3-4 күннен кейін жылап-еңіреп келді. «Кешіріңіз, қателестім, қайтадан жұмыс істейік» деп айтты. «Жарайды» деп кешірдім, - дейді продюсер.
Оның айтуынша, Айшолпан бұдан кейін тағы бір рет жоқ болып кеткен. Телефонын өшіріп тастаған. Мөлдір Мұқанова оның себебін білсе де, айта алмайтынын айтты.
«Сол уақытта не істейтінін білмеймін. Өзінің жеке өмірі. Жас қыз, тұрмысқа шығуы керек. Бұлай жүруіне болмайды. Ел алдында жүрген адам жоқ болып кеткенде, не істейтінін білсем де айта алмаймын», - дейді Мөлдір Мұқанова.
Келісімшарт сол күйінде қалған.
Бұл жағдайдаға қатысты айтыскер Айшолпан Тілеутай әлеуметтік желіде өз нұсқасын айтып, видео жариялады. Ол атағандай, продюсер оған ақы төлемеген.
«Бұл — тағы да әділдік талап ететін видео. Мен бұған жауап бермейін деп едім, алайда оқырмандар сұранысы бойынша жауап беруге тура келді. Менің бұрынғы продюсерім, атақты Тұрсынбек Қабатовтың жары Мөлдір ханым маған жала жауып, сұхбат бергенін бәріңіз көрдіңіздер. Жанындағы журналистер менің дене бітіміме тиісіп, мысқылдап күліп отырғанына қатты намысым ұстап, жүрегім ауырды. Менің де намысым бар, оны таптатпайтын қызбын. Өткенде айтқандай, мен ешкімнен қорықпаймын», - деді Айшолпан.
Ол Астанаға арман қуып келгенін айтты.
«Жас болған соң, бойымда жалын болған соң Астанаға келдім. Әкем — күзетші, анам — ұстаз. Сіздер сияқты асып-тасып жатқан байлығым жоқ. Ата-анамның үмітін ақтау үшін Астанаға келдім. Мөлдір ханымға жылап-еңіреп бармадым, Мөлдір ханым маған келіп, жұмыс істеуді ұсынды. Астанада мені қолдайтын, қорғатын адам бар екен деп келісімшартқа отырдық. Келісімшарт бойынша Тұрсынбек аға мен Мөлдір ханым «Әзіл әлеміне» шығарып, киноға түсіруі керек еді, концертпен және киіммен қамтамасыз етіп, айлығымды уақытылы төлеп отыруы керек болатын. Өкінішке қарай, бұл кісілер 5 талаптың біреуін де орындаған жоқ», - деді ол.
Айтыскер ақын жаз бойы бай-манаптардың, министрлердің тойына тегін салып, аяғында ақшасын бермей қойғанын айтты.
«Бір министр ағамыз домбыра сыйлаған еді, оны Мөлдір ханым «саған бере алмаймын, мен арқылы алдың» деп өзінің үйіне қойды. «Осындай адамдармен қалай жұмыс істеймін» деп телефонымды алмай қойдым. «Айшолпанға бір костюм тігіп берген едім, сол костюмді әлі киіп жүр» дегенін естідім. Мөлдір ханым, егер сіз жобаға костюм тігіп берсеңіз, ол – сіздің продюсерлік міндетіңіз. Егер костюм тігіп бере алмасаңыз, продюсер болмай-ақ қойыңыз. Тұрсынбек аға мен Мөлдір ханым, маған төлемеген айлықпен байып кете қойыңыздар. Менің мазамды алмаңыздар, аяқтан шалмаңызар, өтірік айтып байбалам салмаңыздар»,- деп жауап берді ол.