Ақтөбе облысы бойынша екі жүзге жуық ескерткішке QR-код орнатылған

Azattyq Rýhy

Баса айта кетерлігі, замауни QR-код қойылған ескерткіштердің көбі аудандарда орналасқан

Ақтөбе облысы бойынша екі жүзге жуық ескерткішке QR-код орнатылған
Inform.kz

Ақтөбе облысы бойынша екі жүзге тарта ескерткіште бірегей және жекелеген QR-кодтар орнатылған. Бұл туралы облыстың мәдени мұраны дамыту, соның ішінде, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысандарын дамыту саласындағы қызметі туралы мәлімет берген мәдениет басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Облыс бойынша 2019-2021 жылдары барлығы 149 ескерткішке, оның ішінде қала аумағындағы 47 ескерткішке, аудандардағы 142 ескерткішке бірегей және жекелеген QR-кодтар орнатылды. Ескерткіштерге келушілер QR-кодтар арқылы арнайы мобильді қосымшадан ескерткіш бойынша негізгі мәліметтерді (орналасқан жері, ескерткіштің тарихы, тарихи орынмен байланысты аңыз-әңгімелер) ала алады», - делінген хабарламада.

Код орнатылған ескерткіштердің салыну тарихына тоқталсақ, 2021 жылдың қыркүйек айында облыс орталығы Ақтөбе қаласындағы Ғашықтар аллеясында Мемлекеттік әнұран авторларының бірі, қазақ вальісінің королі Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш және талантты ақын Төлеген Айбергеновке ескерткіш мүсін орнатылған.

Сонымен қатар, желтоқсан айында Ә.Молдағұлова мен Тәуелсіздік даңғылдарының қиылысында, еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш партиясы қайраткерлерінің, барельефті бейнелері бейнеленген «Азаттықтың ақ таңы» атты мемориалды кешен салтанатты түрде ашылды.

«Осы жылдың маусым айында Алматы қаласында алғаш рет елімізге белгілі ғалымдар мен мамандардың қатысуымен өткізілген ғылыми кеңесте Ақтөбе облысының тарихи ескерткіштерінің мәселесі қаралып талқыланды. Жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясындағы археологиялық қазба жұмыстарына ғалымдар мен зерттеуші мамандар ерекше көңіл бөліп отыр. Бұндағы басты мақсат облыс территориясында ерте замандардан бүгінгі күнге дейін жеткен, қазақ даласында мекендеген көшпелілер мәдениетіне қатысты сыр шертетін ескерткіштерді анықтау мен зерттеу, ғалымдардың арасында мәдениеттердің ерекшеліктері мен маңызы туралы ғылыми ой-тұжырымдар қалыптастырып, дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізу. Үнсіз далада талай тарихи оқиғалардың күәсі болған бұл ескерткіштердің айтары мол. Ондағы табылған археологиялық жәдігерлер қазіргі қоғамдағы азамат үшін Ұлы дала төсінде қалыптасқан жарқын мәдениеттер мен мемлекеттілік құрылымдардың белгісіз беттерінен сыр шертеді», - дейді Ақтөбе қаласы мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы.

Айта кетейік, 2019 жылы облыс аумағындағы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары Ә.Марғұлан атындағы археология институтының мамандарымен бірлесе отырып Доңызтаудағы ортағасырлық оғыз кезеңіне жататын бірегей Жезді қалашығының орнын, өңірдегі ерте көшпелілердің элиталық ескерткіштерін, ежелгі бақташылар мен металл өңдеушілердің ескерткіштерін, Орталық Азия жеріндегі көне петроглифтердің бірі саналатын Төлеубұлақ үңгірінің петроглифтерін, Хромтау ауданындағы Ойсылқара мен Моңғолсай тарихи-мәдени кешендерін зерттеу жұмыстары өз нәтижелерін берген.

«Ерте көшпелілердің элиталық ескерткіштерін археологиялық тұрғыда зерттеу» тақырыбымен ұйымдастырылған қазба жұмыстары барысында батыс өңірді мекендеген тұрғындар өмірінен мәлімет беретін қоладан жасалған қазан, жебе ұштары, әшекей бұйымдар және т.б. құнды тарихи жәдігерлер табылды. «Ақтөбе өңірінің ежелгі бақташылары және металл өңдеушілері» жобасы аясындағы қола дәуірінің мал шаруашылығы мен тау-кен металлургиясына қатысты егжей-тегжейлі сипаттама беруге мүмкіндік беретін тұрғын үйдің бір бөлігі, артефактілердің үлкен көлемі табылды», - деді зерттеулердің нәтижесін қорытындылаған ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.