Ресей архивіндегі қазақ кинолары сандық форматта өңделеді – министр
12 қыркүйек – Қазақ киносы күні
12 қыркүйек – Қазақ киносы күні. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды аталған мереке күнімен құттықтап, отандық кино саласындағы жағымды жаңалықтар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кино – мәдениет пен өнердің көш басында тұрған, аудиториясы төрткүл дүниені төріне отырғызған ауқымды сала. Ғұмыры ғасырмен өлшенетін қазақ кинематографиясы алғашқы қарлығашы «Амангелдіден» бастап осы күнге шейін көрерменге түрлі туындылар тарту етіп келеді.
Әр киноның уақыт кеңістігіндегі алар орнын айқындайтын, былайша айтқанда тағдырын шешетін құдірет – ол қалың көрермен екені сөзсіз. Біздің елімізде бүгінгі кино талабына жауап бере алатын, көпшіліктің талғам үдесінен шыққан фильмдер қатары жыл өткен сайын артып келе жатқаны қуантады», - деп жазды Ақтоты Райымқұлова Facebook-парақшасында.
Министр шынайы оқиға желісімен түсірілген, бабалар даналығын дәріптеген, аталар аманатын арқалаған тарихи туындылармен қатар көзі қарақты əр адамды немқұрайды, жайбақарат қалдырмайтын, əлеуметтік мәселелердің өзектілігін жүрекке жеткізіп, толғандыратын отандық туындылардың беделді халықаралық фестивальдерде жүлдеге ие болып, әлемдік киногерлердің жоғары бағасын алып жатқанын атап өтті.
«Бүгінде алдыңғы аға буынның ізін басып, өзіндік өрнегін қалыптастырып келе жатқан жас мамандар шоғыры қалыптасты. Мемлекет кинематография саласына тұрақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Еліміздегі кино нарықта тақырыбы жағынан əр алуан қазақстандық фильмдермен қоса әлемдік танымал киностудиялардың таңдаулы өнімдері көп. Аталған картиналардың бәрі енді ана тілімізде аудармамен көрсетілуі міндетті екені арнайы заңда көрсетілген. Осы ретте бірқатар анимациялық туындының қазақ тіліндегі дубляжын түсірген компанияның өзі әлемдік нарықта жоғары бағалағанын айтпай кетуге болмас.
Бұдан бөлек, қазір Министрлік Кеңес үкіметі кезінде көрерменге жол тартқан отандық киноларды Ресейдің мемлекеттік кино қорының архивінен сандық форматта өңдеп алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», - деді А. Райымқұлова.
Ведомство басшысы алдағы уақытта да заманның заңғары мен өмірдің заңдарын жанды бейнеге айналдырған мазмұнды фильмдеріміз көбейіп, халықаралық байқауларда үздік шыға беретініне тілектестік білдірді.
«Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, сала мамандарына мықты денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, толайым табыс тілеймін!», - деді министр.