«Жерлестері сыйғызбады». Сәкен Майғазиев қызметінен неге кеткенін түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Әнші сегіз айда атқарған жұмысының есебін берді

Сәкен Майғазиев, фото: ашық дереккөзден

Осыдан бір ай бұрын Шымкент қалалық мәдениет үйінің директорлығынан босатылған Сәкен Майғазиев қызметінен өз еркімен кеткенін айтып, сыртынан айтылып жүрген «жерлестері сыйғызбады» деген қауесетке жауабын берді.

«Елім деп барып еді...», «Өз жерлестері өзекке тепті» деген қаңқу қауесеттерді құлағым қағып қалып жүр. Мүлдем олай емес. Мен шымкенттіктеріммен мақтанам. Қол-аяғымды жерге тигізбеді. Риясыз ризалығымен, көлдей көңілімен көкке көтерді. Шымкентте бар қасиет барлық аймақта, елде, ұлтта бар деп білемін. Аллаға шүкір, мен кез келген ортада өзімді суда жүзген балықтай сезінем, адам алаламаймын. Шымкентке дейін де жоғары лауазымды қызметтер ұсынып Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда қалаларына шақырды. Мен жұмысымның тығыздығына байланысты бармадым. Әлі де басқа ЖОО-нан, өнер ұжымдарынан ұсыныстар көптеп келіп жатыр. Әзірге рухани, мәдени даму жолында үзіліс алып, шығармашылығымды шыңдасам деймін. Шымкентте маған тиесілі жұмысты адал атқардым. Бар-жоғы 8 айдың ішінде басшылықтың да, ұжымымның да үдесінен шығып, үмітін ақтап үлгердім деп есептеймін», - деп, әнші ағынан жарылды.

Әнші сегіз ай басшылық қызметте болған мекемедегі атқарылған жұмыстың есебін жазуды да ұмытпаған.

«2014 жылдан бері жөндеу жұмысын көрмеген сарайға ағымдағы жөндеу жұмысын жүйелеу, 17 адамнан ғана құралған фольклорлық ансамбльді 40 адамдық ұлт аспаптар оркестріне айналдыру, сахналық костюмдермен, аспаптармен қамтамасыз ету, бірнеше бөлмелерді босатып, оркестрге, ВАА-ге, әншілерге дайындық залын жасақтау, дыбыс жазу студиясын қалпына келтіру, бізге қарасты 5 мәдениет үйі мен 5 клубтың жұмысын жаңғырту, мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар, бірнеше сазды кештер т.б. жұмыстарды қолымнан келгенінше қорғап, ойдағыдай орындап шықтым. Маған сенім артқан Шымкент қаласының әкімдігіне, басшылығыма, ұжымыма рахмет айтамын.

Мені ешкім шығарып жіберген жоқ. Мен ешкімнен қорқып, қашып кеткен жоқпын. «МузАРТ» тобының 20 жылдығына «Қазақстан дауысына» тәлімгерлікке шақырылған соң өз еркіммен өтініш білдірдім», - деп жазған Майғазиев.

«МузАРТ» тобының мүшесі Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы болып 2020 жылдың желтоқсанында тағайындалды

Еске салайық, 11 тамызда Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғалары әшкереленгенін хабарлады

Олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 80 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деген күдікке ілінген.

Хабарламада айтылғандай, аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.