$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.06.2021, 17:20
Мәдениет

Аштық көрген, аттан түспеген, 13 құрсақ көтерген: Дина Нұрпейісованың шөбересімен сұхбат

Төлеген Қуанышев - қазақтың әйгілі күйші композиторы Дина Нұрпейісованың жиен шөбересі

Аштық көрген, аттан түспеген, 13 құрсақ көтерген: Дина Нұрпейісованың шөбересімен сұхбат
фото: Төлеген Қуанышевтың жеке архивінен

3 шілдеде Нұр-Сұлтанда күйші Дина Нұрпейісованың шөбересі Төлеген Қуанышевтың «Күй анасы - Дина» атты энциклопедиялық жинағының тұсаукесері өтеді.

Автордың айтуынша, жинақта Қазақстанның халық әртісі, күй анасы атанған Дина Нұрпейісова туралы тарихи деректер, сыр-сұхбаттар, ой-толғаулар, эсселер, уақыттың әр кезеңі­нде жарық көрген, басылымдардан алынған мақалалар, ноталық күй шығар­малары және фото деректер топтастырылған.

Azattyq Rýhy тілшісімен кездескен күйшінің шөбересі күйшілік өнерді жастарға насихаттаудың заманауи тәсілдері жайлы айтып, әжесі туралы естеліктерімен бөлісті.

«ДИНА АНАМЫЗДЫҢ КӨЗІН КӨРДІМ ДЕГЕНДЕР КӨБЕЙДІ»

- Менің анам – Ақжан Нұрпейісова, ол кісі Динаның Жұрынбай деген ұлының қызы. 1980 жылы мен Мәскеудегі оқуымды бітіріп, үйге оралғанымда, анам қуаныштан көзіне жас алып қарсы алды. Үйге келсек, дастарханын жайылып, абыр-сабыр болып жатыр. Сөйтсек, танымал күйші Қаршыға Ахмедияров келеді екен. Ол кісі Ақжан анаммен Дина Нұрпейісова туралы әңгімелеспек екен. Көп кешікпей өзі де келіп, анаммен сұхбатын бастап кетті. Сол күні біздің үйде күй туралы салихалы әңгіме болды.

Сол отырыста Қаршыға ағамыз маған: «Төлегенжан, Дина нағашы шешең екеніне ешкімнің дауы жоқ қой. Сен неге ол кісіні дәріптеп насихаттамайсың?» деді. Мен бұл туралы бұрын ойланбағандықтан, біраз кібіртіктеп қалдым. Сосын: «Аға, бұл кісіні дәріптеп, насихаттап, шығармашылығын зерттеу үшін мәдениеттанушы, мәдениет жағынан білімі бар композитор, күйші болуым керек шығар?! Менің орта жолдан қосылғаным оңсыздау сияқты көрінеді. Мен кімге барамын, не деймін? Қазір күйлері насихатталып жатыр, байқаулап өтіп жатыр» дедім. Ол кісі «Сен педагогика ғылымын зерттеп жүрген ғалымсың, күйдің нағыз тәрбие көзі екенін жақсы білесің. Бұл мәселе сені толғандыру керек» деді. Уақытында сол кісілердің әңгімесін диктофонға жазып, хатқа түсірмегеніме өкінемін. Ол кездесудің өткеніне де қырық жылдан асып кетті. Қазір ойласам, маған үміт артқан екен. Дәл сол сәтте, яғни Қаршыға ағайдың ескертуінен кейін бастап кетпегенім - дайындығымның кем болғанынан деп өзімді жұбатып қоямын.

Бұ дүниеден Дина анамыздың көзін көргендер кете бастады. Қазір ол кісіні көрген екі-ақ адам қалды, оның бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісов, екіншісі Раушан Нұрпейісова. Тегі ұқсас болғанымен, үшеуінің бір-біріне қатысы жоқ. Мақала, сұхбаттарда «Дина апамыздан бата алып едім, әңгімелесіп едім... Бірге шәй ішіп, ақыл беріп еді деп сұхбат берушілер көбейіп кетті. Қарап отырсам, ол адамдардың жасы келмейді. Оларға хабарласып, «қай жерде айтты, кім айтты, қалай айтты?» деген деректерді сұрай бастадым. Ол адамдарға: «Біреуден естіп едім, біреу көріпті-мыс, айтыпты-мыс» деген әңгіменің негізінде шындық ретінде ақпар беру Дина апамызға қиянат, екіншіден ғылыммен айналысатын адамдарды шатастыруы мүмкін екенін түсіндірдім. Мен ғалыммын, қай дерек болмасын негіздеу керек. Негізсіз әңгіме айтуды доғарыңыздар. Алдағы уақытта негізсіз ақпарат беретін болсаңыздар, сіздермен заң арқылы сөйлесеміз» дедім. Осылайша, шынайы дереккөздер арқылы Дина анамыз туралы халыққа кеңінен ақпарат берейін деп энциклопедияға үш жылдай материал жинадым.

ТҮРІКТЕРДІҢ ҚҰРМЕТІ

- 2011 жылы Түркияның Анкара қаласында Дина Нұрпейісова атындағы саябақ ашылған. Мен Түркияның елшілігіне хабарласып «Жігіттер, сіздердің тараптан болып жатқан мұндай дархандықтың себебі қандай?» деп сұрадым. Олар «Бұл кісінің еңбегін шынайы бағалауды білмей жатқан ел екенсіздер. Бұл кісі түрік әлеміндегі ең алғашқы әйел күйші – композитор. Сондықтан біз ол кісіні бағалаймыз» деді. Енді әкімдіктің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында үлкен бір өнер орталығын салу жоспарда. Оның сызбасы әзірленіп қойған.

Дина апамыздан бөлек, Қорқыттан бастап Қаршыға Ахмедияров, Жасарал Еңсеповке дейінгі 100 күйші композиторлардың есімін тасқа қашап жазып, күйшілер аллеясы етсек деп отырмыз. Тасқа әр күйшінің аты-жөні, туған және өмірден өткен күнін жазылып, жанына QR-код енгіземіз. Сол QR-код арқылы қысқаша ақпараты, жазған еңбектері, бірнеше күйлерін жүктеп қоюды жоспарлап отырмыз. Тастың бір бетіне қобыз, екінші бетіне домбыра қоямыз. Осы арқылы жас ұрпаққа әнші-күйшілерімізді күштеусіз насихаттаймыз, өз еркімен келіп күй тыңдатамыз. Сосын аллеядағы жарық шамдардың тұсына микрофондар қойып, ақырын ғана күй қосып қойсақ деп отырмыз. Тастағы есімдерді көрген жас күйшілер де осындай болмаққа құштарланып, ұмтылмай ма?! Екінші жағынан, халықтың рухын, тариқха, мәдениетке деген сүйіспеншілігін оятамыз.

Күні кеше ғана М.Әшімбаева «Біздің жерімізге бұрын соңды болмаған қауіп төніп тұр» дегенді айтты. Бұл жайдан-жай айтылған сөз емес! Осы атқарылып жатқан істің бәрі тәуелсіздіктің нышаны. Бұл жерге кешқұрым орыстар жиі-жиі келіп: «Бұл кім, неге мұнда ескерткіш қойып жатсыздар?» деп сұрайды. Әлі де бұл жердің иесі біз екенімізді мойындағысы келмей, жан-жаққа қарайлап жүргендер жеткілікті. Мәдениет өз алдына, мұндағы идеология – барлық жерді қазақыландыру. Осы арқылы мемлекеттің тәуелсіздігін айқындай аламыз.

АШТЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫ ТУРАЛЫ

- Дина апамыз 94 жасына дейін, яғни, өмірінің соңына дейін сахнаға шыққан. Ол кісі сахнаға шыққанда жұмысшылар дирижерлік пультпен сәкі сияқты затты қоса алып шығып, үстіне кілем төсеп, көрпе, жастық қояды екен. Сосын апамыз көпшілікті өзіне қаратып қойып, көйлегін түзеп, жаулығын жөндеп, домбырасын бабына келтіріп алып, арқасы қозып, тоқтамай күй тартады екен (күліп). Көп деректерде Нұрпейістің Дина анамыздың ұлы екені жазылған, негізі ол күйеуі. Нұрпейіс өмірден өткеннен соң әмеңгерлікпен інісі Жәпекке тұрмысқа шығады. Дина апамыз 13 құрсақ көтерген, бірінші күйеуінен 5 бала, екінші күйеуінен 8 бала өмірге әкелген. Нағашы әжем төрт баласын соғысқа жіберген, соның біреуі ғана аман келген. Сол кезде лауазымын пайдаланып, жауапты адамдарға барып: «Айналайындар-ау, екі баламды алып, екі баламды қалдырмайсыңдар ма?! Мені кім бағады?» деуге толық мүмкіншілігі болды ғой. Бірақ ол кісі ондай әрекетке барған жоқ. Соғыстан аман қайтқан Мұрат деген баласы Алматыда тұрады. Астраханьнан Алматыға көшіріп әкелген сол ұлы, оған себеп болған Смағұл Көшекбаев деген ағамыз. Ал, алып келуге тапсырма берген Ахмет Жұбанов. Ойлап қараңызшы, 74 жасында туған елін тастап, Алматыға келді. 20 жыл бойы Алматыдағы филармонияда қызмет атқарған. Алматыда тұрғанда елден келгендердің бәрі «Динаға сәлем береміз!» деп үйге кіріп кетеді екен. Сондай бір қонақтың бірі: «Туған елде жер бөлініп жатыр» деп айтқан кезде «жерімізді бөліске салу деген не деген масқара» деп көзінен жас шығып, сезімін көрсетіп қалған деген деректер бар. Балаларының ешқайсысының атын атамаған, менің шешемді Ақас деп айтқан екен. Жас кезінде күйшіліктен бөлек, күреске қатысып, ат мінген. Дина анамыз ашаршылықтан қатты зардап шеккен. Анамның айтуынша, батыста өсетін құмаршық деген шөп бар, ол шөптен ботқа пісіруге болады. Әжеміз аштықта сол құмаршықты қайнатып жеп, тірі қалған екен. Аштықтың кесірінен он үш баласының көбі ерте қайтып кеткен. Әкелері ерте қайтып кеткеннен кейін бе екен, бірінші күйеуінен туған балаларына көп көңіл бөлген деседі.

«ЖЕТІ ҰРПАҒЫМА ДЕЙІН КҮТІҢДЕР»

- Менің өмірімде Дина әжемнің алатын орны ерекше. Алматы қаласындағы №2 перзентханада дүниеге келіппін. Сонда әке-шешем «баламыз жақсы адамға тартып өссін» деген ниетпен Дина әжеме: «Сәбидің есімін сіз қойыңыз» деп өтініш айтыпты. Ол кісі: «Нәрестенің аты Төлеқұл болса, қалай қарайсыңдар?» депті. Сәл ойланып қалған әкем, нағашы әжемізге: «Құлдықтан арылып, заман өзгеріп келе жатыр ғой, берген ұсынысыңызға көп рақмет, егер сіз ренжімесеңіз «құл» дегенді «ген» деп ауыстырып, «Төлеген» деп атасақ қалай болады?» депті. Сонда Дина әжем алақанын менің маңдайыма қойып, аналық батасын беріп келіскен екен.

Өзім де, балаларым да күй шертеміз. Бірақ ешқайсысымыз кәсіби деңгейде күйшілікпен айналыспадық. Дина апамыздан да кезінде «ұрпағыңыздың арасында күйшілік өнер дарығандар бар ма?» деген сұрақ жиі қойылған көрінеді. Сонда ол кісі «Мен өз ұрпақтарымның арасынан күйшілерді көрмей бара жатырмын. Бірақ соқпай кетуі мүмкін емес, менің жеті ұрпағыма дейін күтіңдер» депті. Мен бесіншімін, әлі уақыт бар. Қазір Жәпектен туған балалардан тараған Асылбек деген ұлымыз Өнер университетінің домбыра сыныбында оқиды.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары