Петропавлда art-орталық ашылды
Мұнда қала қала тұрғындары жергілікті суретшілердің көрмесін тамашалап, түрлі қолөнер бұйымдарын өздері жасап үйрене алады
Петропавлда «QYZYLJAR» art-орталығы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан ашылған «QYZYLJAR» art-орталығының құрылысы 2020 жылдың күзінде басталған болатын. Оған облыстық бюджеттен 120 млн теңге бөлінген. Енді мұнда көктем-жаз мезгілінде түрлі көрмелер ұйымдастырылып, жергілікті қолданбалы өнер шеберлері мен суретшілер тұрғындарға арнап шеберлік сағаттарын өткізеді.
«Демалушылар мұнда келіп түрлі тақырыпта көркем фильмдер көре алады. Және зергерлік бұйымдар, суреттер немесе жақынына арнап шебердің қолынан шыққан сыйлықты сатып ала алады. Сондай-ақ, дәмханалар да қонақтарға өздерінің ерекше тағамдарын ұсынады. Жалпы біздің мақсатымыз тұрғындарға жайлы жағдай жасау», - дейді СҚО музей бірлестігінің директоры Гүлнәр Мұқышева.
Мәдени-шығармашылық орталық негізгі 3 аймақтан тұрады. Біріншісінде өңірдің қолөнершілері бас қосып, өздерінің бұйымдарын халыққа тиімді бағамен сатады. Екіншісінде түрлі көрмелер ұйымдастырылып, шағын кинозал орнатылған. Және үшіншісінде қолөнершілерге арналған шағын шеберханалар бар. Марат Шахмұратов балшықтан және ағаштан қазақ халқының ұлттық аспаптарын жасайды.
«Қазақтың ұлттық аспабы үскірікті жасаймын. Оған қызыл балшық, ақ балшық керек. Сазсырнайдың да түрлері бар. Балаларға арналған тайтұяқты да көрермен назарына ұсынамын. Бәріне қызық болып жатыр. Мұндай бұйымдарды күнделікті өмірде кездестіре бермейсіз», - дейді ол.
Арт орталықта сондай-ақ жергілікті суретшілердің және «Қызыл-Оба құпиясы» көрмелері жұмыс істеп жатыр. Ал балалар мұнда робототехникамен айналысып, папперкрафт, қағазды модельдеуге үйрене алды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО