ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны азайып келеді

Батырхан Шүкеновке қойылатын ескерткіштің жаңа эскиздері ұсынылды

Байқау маусым айының соңына дейін жалғасады

эскиз: astana.gov.kz

Қала тұрғындарының қызығушылығын ескере отырып, Нұр-Сұлтан әкімдігі Батырхан Шүкеновке арналған ескерткіштің үздік эскиз-идеясына байқау жариялаған болатын. Бұл байқау биыл маусым айының соңына дейін жалғасады. Осыған орай композитордың әртүрлі кейіпте бейнеленген эскиздері жарияланды.

Эскиздер бойынша ұсыныстарды Birge платформасына – оң жағындағы төменгі бұрышта «Кері байланыс», сондай-ақ centerofurbanism@gmail.com поштасына жіберуге болады. Оған ниет білдіргендердің бәрі қатыса алады.

Дарынды әнші және композитор Батырхан Шүкеновке арналған ескерткішті қалалық саябаққа орнату жоспарланып отыр. Жоба демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, осыған дейін елордада Жеңіс күні қарсаңында екі мәрте Кеңес Одағының батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновке ескерткіш орнатылды. Ескерткіш Сарыарқа даңғылында (Талғат Бигелдинов көшесінің бұрышында) орналасқан. Жоба бойынша мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев жұмыс істеді. Ескерткіш қоладан және граниттен құйылды. Онда Талғат Бигелдинов Ұлы Отан соғысы жылдарында жас ұшқыш ретінде бейнеленген.