ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Головкин алдағы жекпе-жектерінің бірінде Скриптонит өнер көрсеткенін қалайды - сұхбат

Геннадий Головкин соңғы рет рингке былтыр желтоқсан айында шықты

Ресейлік музыкант Василий Вакуленко (Баста - ред.) «Руки Выше» YouTube-арнасында сұхбат беріп, қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен арада болған әңгімені баяндады.

«Геннадий Головкинмен араласамын. Ол алдағы жекпе-жектерінің біріне Скриптонит (Әділ Жалелов) ұшып келіп, Madison Square Garden-де өнер көрсеткенін қалайды. Меніңше, бұл керемет болар еді. Өйткені, Скрип - қазақ музыкасының бүгінгі бетке ұстар өнерпазы. Ол өз еңбегімен, талантымен биікке шыққан адам - self-made. Гена да сондай адам», - деді Василий Вакуленко.

Сондай-ақ Скриптонит 2017 жылы Юрий Дудьке берген ашық сұхбатында Геннадий Головкинді мақтан тұтатынын айтқан.

«Жерлесім деп ұялмай айтуға тұратын азамат. Оның өзін қалай ұстайтыны ұнады. Өте ақылды боксшы, салқынқанды. Ал, салқынқандылық - сирек кездесетін қасиет», - деп жауап берген.

Еске сала кетейік, кәсіпқой бокстан орта салмақта IBF және IBO чемпиондық белбеулерінің иесі Геннадий Головкин (41-1-1) соңғы рет рингке былтыр желтоқсан айында шығып, поляк Камил Шереметаны нокаутпен жеңіп, әлем чемпионы титулын 21-рет қорғады.