$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.05.2021, 19:27
Мәдениет

Түркістанда жаңа театр ашылды

Бұл театрда тек қазақ актерлары ғана емес, шетелдік танымал өнер қайраткерлері де түркі әлеміне ортақ қойылымдарды сахналай алады

Түркістанда жаңа театр ашылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласында музыкалық драма театрдың ашылуына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Композициялық көрінісі, сәулеттік келбеті өзгеше театрда тек қазақ актерлары ғана емес, шетелдік танымал өнер қайраткерлері де түркі әлеміне ортақ қойылымдарды сахналай алады. Төртқабатты еңселі өнер орталығының көрермендер залы 510 адамға арналған. Театрдың бас директоры Айнұр Көпбасарованың сөзінше, қазір жас актерларды жұмысқа қабылдау жұріп жатыр. Театрда 190 адам штаттық режимде жұмыс істей алады. Театр жетекшісінің сөзінше, киелі жерде ашылған алғашқы театрда жұмыс істеуге Дубайда, Мәскеуде тұрып ұзақ жыл тәжірибе жинаған режиссерлер мен композиторлар, менеджерлер келген.

«Сан ғасырлық тарихы бар осындай киелі өлкедегі өнер ордасы Елбасының бастамасы, қолдауымен салынды. Бұл өнер орталығының ерекшелігі және концепциясы  - преформативті театр атануында. Яғни, қазақстандық қана емес, түркі әлеміне ортақ мемлекеттердің актерлары да келісімшарт негізінде осында жұмыс істейді. Театрға жас баллет труппасы, хор, опера әртістері, драма актерларын кастинг арқылы алып жатырмыз. 25 жасқа дейінгі жас актерларды осында үш жылға оқытып, түрлі курстар, қойылмдар арқылы шеберлігін шыңдаймыз. Алыс-жақын шетелден, республиканың әр өңірінен талантты жас режиссерлер, сценографтар, хореографтар, актерларды жинап жатырмыз. Талантты жастардың ішінде «Belcanto» Вена академиясының түлегі Айя Шәріп, танымал композитор Хамит Шанғалиев, «Watanabe Buber» балет академиясын, Ваганова атындағы орыс балет академиясын бітірген Мао Сакай сынды прима-балериналарымыз бар. Театрдың алға қойған жоспары көп», - деді  Түркістан музыкалық драма театрның директоры Айнұр Көпбасарова.  


Фотода: Айнұр Көпбасарова

Театрдың жалпы көлемі 11 мың шаршы метрден асады. Театр әртістері алғашқы қойылымды 5 қыркүйек күні сахналамақ. Сахнаны безендіру, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да басталған. Вестибюльдің, кулуарлардың, фойенің, жинақтау холдары мен VIP залдар ұлттық нақышпен безендірілген. Театрда көрермендерге және қызметтік персоналға шұғыл медициналық көмек көрсететін дәрігерге дейін қарастырылған.

Түрленген Түркістанда ел игіліне берілген орынның бірі - облыстық ғылыми-әмбебап «Farab кітапханасы». Ауданы 2 600 шаршы метрлік үш қабатты ғимараттың көрінісі кітап беттеріне ұқсайды. Түркістан облысында 1 млн 955 мыңнан астам адам тұрады. Өңірдегі ел ғана емес, қонақтар да кітапханада 450 мың кітап пен қолжазба қорынан қажетін оқи алады. Жаңа кітапхананы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аралап, оқырмандармен кездесті. 

Әл-Фараби бабамыздың аты берілген кітапханда конференция залы, 100 орындық оқу залы, экспозиция, көрме залы, кітапхана мұражайы, кіші конференц-зал, балалар залы, ұлттық әдебиет орталығы, ассамблея, коворкинг (білім беру), әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Өнер залы, шетел тіліндегі әдебиет және абонементтер бөлімі, мерзімді басылымдар залы, Интернет-зал, IT технологиялар кабинеті және қор сақтау қоймасы бар. Бұдан бөлек киноконцерт залы, балалар балет студиясы, музыкалық үйірмелер, дыбыс жазу студиясы, театр студиясы да қарастырылған. 

«Кітапхана басқарушы компанияға берілген. Онда алаңсыз кітап оқып, адам рухани жағынан өз өзін дамытуға мүмкіндік мол. Оқырмандар үшін кітап оқу тегін. Балалар бұл жерде өздерін жан-жақты дамыта алады. «Farab кітапханасы» туристік орталықта орналасқан. Алыстан келген туристер өңірдегі қасиетті жерлерді аралап, тәуіп етіп шыққанша кемі 4 сағат кетеді. Ата-аналар осы аралықта балаларын кітапханадағы қызметкерлерге алаңсыз қалдыра алады. Оларға ақылы түрде өте қызықты қызмет түрлері көрсетіледі», - деді кітапхананың  директоры Айко Төкен.

Әмірболат Құсайынұлы, Түркістан қаласы

Серіктес жаңалықтары