$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.04.2021, 17:35
Мәдениет

Қазақ ғалымы Хан Кененің бас сүйегі табылғанын сүйіншіледі: тарихшылар ақпаратқа сенер-сенбесін білмейді

Тарихшылар қоғамды ақпараттың ресми расталғанын күтуге шақырды

Қазақ ғалымы Хан Кененің бас сүйегі табылғанын сүйіншіледі: тарихшылар ақпаратқа сенер-сенбесін білмейді

Хан Кененің басын елге қайтару туралы әңгіме бұрыннан айтылып кетеді. Әскери қолбасшының сүйегі елге әкелініп, жерленетіні туралы ақпараттар БАҚ беттерінде жиі талқыланады. Тіпті, кей тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері, саясаткерлер мен жалпы қазақ қоғамы Кенесары Қасымұлының бас сүйегі елге жеткізілген күні ерекше өзгеріс болатынына сенгісі келеді.

Кеше белгілі тарихшы, төрт жыл бұрын Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институтына дирекор болып тағайындалған Зиябек Қабылдинов Facebook желісіндегі парақшасында екі тілде жазба қалдырды. Тарихшы жазбасында «Өзім көз жеткізген соң жарияладым. Бүгіннен бастап ұлттық тарихымыздың мүлде жаңа кезеңі басталады. Ұлы ханның бас сүйегін қайтару жұмыстары бойынша Ресей Мәдениет министрлігі құрған арнайы комиссия құрамына шақырту алдым. Келістім. Бұл бастаманы Ресейдің жоғары билік өкілдері көтеріп отырғаны анық. Ресей ғалымдарымен осы жөнінде сөйлесіп, анық-қанығын білдім. Оларға «Қазақ елінен сүйінші сұрай берейін бе?» деп едім, «Әрине, болады. Бірақ қай жерде жатқанын айтпаңыз», деген.

Тарихшының жазбасын жүздеген адам бөлісіп, сүйінші сұрасты. «Хан Кененің бас сүйегі табылды» деген сүйінші ақпараттар БАҚ беттерінде өртеңге шыққан шөптей қаптады. Бәрі ғалымның жазбасына сүйенді. Алайда, арада бір күн өтпей жаңалықтың жаршысы болған ғалым Зиябек Қабылдинов жазбасын өшіріп тастады. Сондай-ақ ғалымнан бұл әрекетін түсіндіруді сұрап хабарласқан Azattyq Rýhy тілшісіне институт директоры жауап беруден бас тартты.

Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы жаңалықты естігенін, бірақ ресми ақпарат шықпаса сенбейтінін айтты. Ол егер Ресей шынымен осындай қадамға барса, оның да өзіндік себептері болуы мүмкін екенін айтады.

«Бұл жаңалықты ғылыми ортаның өкілдері айтып жатыр. Меніңше әлі де ресми ақпараттарды күту керек. Білуімше, Ресейге осы мәселе бойынша арнайы топ жасақталып жатқанын деп естідім. Оған тарихшылар, сала сарапшылары қосылып жатыр. Олар «Бұл шешім шындыққа жанаса ма?» деген мәселеде жақын арада ойын айтатын шығар. Сосын, табылған сүйек расымен де Кенесарының басы ма? Анық-қанығына жеткен дұрыс сияқты. Екінші мәселе, ақпарат расталса, қазақ соңғы ханының бас сүйегі елге оралса, құрметпен жерленсе, бұл ұлттық намыс үшін де, тарих үшін де үлкен жаңалық болар еді», - дейді Расул Жұмалы.

Қазақстанның ресми билігі, ғылыми ортасы Кенесары ханның бас сүйегіне байланысты Ресей тарапына талай рет өтініш жасады. Бірақ, көбіне табылмай жатқаны, бас сүйектің жоғалғаны туралы жауа естіп келдік. Неге қазір табыла қалды? Саясаттанушы бұл жағдайға қатысты пікірін айтты. 

«Ресейге деген көршілес елдердің, оның ішінде Қазақстанда да сыни, наразылыққа толы көзқарас қалыптасты. Оның көршілеріне деген өктем саясаты көрініп тұрады. Осындай жағдайда Ресейдің имиджі төмендеп кеткенде, көңіл аулау саясаты болар деп ойлаймын. Өздерін Ресей империясының жалғастырушысы емес, заманға сай өркениетті ел ретінде көрсету амалы болар. Қайталап айтамын, бұл ақпарат кәсіби деңгейде растауды қажет етеді», - деді сарапшы.

Белгілі тарихшы Бейбіт Қойшыбаев Хан Кененің бас сүйегіне қатысты ақпарат Зиябек Қабылдинов сияқты тарих институтының директорының аузынан шықса, сенуге болатынын айтты.

«Жай қоғамдық ұйым өкілі емес, ғалым айтып отыр. Бірақ оның қалай табылғаны егжей-тегжейлі айтылмай отыр. Жалпы үміт зор, тапқан шығар. Бірақ ақпараттың рас-өтірігі туралы мен айта алмаймын.

Қазақта Кенесары ханның басы елге оралса, рухымыз оянып, қазақ үшін өзгеріс болады деген сияқты дүниелер айтылады. Егер солай болған күннің өзінде бәрі керемет өзгеріп кетеді деп айта алмаймын. Ең арысы болгариялық Ванга айтты деген: «бүлікшіл хандарыңның басын әкелсеңдер, жақсы өзгеріс болады» аңыз бар. Бірақ, рухты оята ма, ол жағын айту қиын, - дейді  ғалым.

Тарихшы ғалым қазақ халқының арасында Кенесары ханды қолдамаған белгілі тұлғалар болғанын да айтты.

«Шын мәнінде Кенесары жаңа мемлекеттің негізін қалаушы болды деп айтуға арланбауымыз керек. Бірақ қазақ халқының арасында оны қолдамаған белгілі тұлғалар болды. Соның бірі – Ғабит Мүсірепов Мұхтардың (Әуезов - ред.) Хан Кене туралы шығармасын баспадан алдырып тастаған. Ғабең соған атсалысып, белді рөл атқарған. Осындай да тарих бар. Бірақ қараша халық Кенесарының басы елге әкелінсе, қатты қуанатын рас. Себебі, Кенесары азаттық рухын көтерген тұлға. Оны қазақ қолдайды, бұл бір серпіліс әкеледі. Бірақ оның көрінісі қандай болады, уақыт қана төреші. Күтейік. Жалпы халықта инертілік бар, белгілі бір дәрежеде қазақ халқының оянуы байқалады. Оны кейінгі байланыс құралдарынан, соның ішінде интернеттен көріп отырмыз», - деді тарихшы.  

Тарихшы ғалым Талас Омарбеков Ресей тарапы бұл қадамға екі ел арасындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында барған болуы мүмкін деген болжамын айтты.

«Әділдік тұрғысынан алып қарағанда, бұл мүмкін нәрсе. Ресей тарапы «енді мұны жасырудың қажеті қанша?» деп ойлап, екі ел арасындағы тұрақтылық пен байланысты сақтау үшін жасалып жатқан қадам шығар деп ойлап отырмын. Бұл тарихи шындық. Кешегі империяшыл, озбыр, басқыншы Ресеймен бүгінгі Ресейді салыстыра алмаймыз. Егер шынымен солай болса, олар бізбен санасуы заңдылық», - дейді Талас Омарбеков.  

Ғалым бұл жаңалыққа қатты сеніңкіремей отырғанын, егер ақпарат расталса, оның үш бірдей елге әсер ететінін айтты.

«Бұл үш бірдей елдің қарым-қатынасына әсер ететін сұрақ: Ресей, Қырғызстан және Қазақстан. Кенесары - қазақ халқының ең соңғы және қаһарман ханы. Қазақ жерін басқыншылардан қорғап қалу үшін тәнін де, жанына да аямаған адам. Егер ол кісінің басы қайтарылса, бүкіл қазақ тойлауы керек. Бүкіл елде ол күн мерекелік сипат алуы тиіс. Бірақ бұл жаңалыққа мен аса сеніңкіремей отырмын. Егер ол шын болса, қуаныштымыз», - деді тарихшы Талас Омарбеков.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың қазанында Кейкі батырдың бас сүйегі Ресейден Қазақстанға жеткізілді. Ол 93 жыл бойы Санкт-Петербург қаласындағы Кунсткамерада сақталып келді.

Халық аузында Кейкі батыр атымен танымал Нұрмағанбет Көкембайұлы – 1916 жылғы Ресей патшалығының қазақтан әскерге адам алу туралы жарлығына қарсы көтерілген Торғай қазақтары көсемдерінің бірі. Ол көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары