Тоқаев жазушы Қабдеш Жұмаділовтің отбасы мен туыстарына көңіл айтты
Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов қайтыс болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдады.
«Қабдеш Жұмаділұлының қаламынан шыққан туындылар дәуірдің жүгін, замана келбетін, қоғамның үнін айқын көрсете білген еді. Соның ішінде қилы кезеңді бастан кешкен халықтың тағдырын арқау еткен романдары мемлекет және қалың көпшілік тарапынан жоғары бағасын алды. Қарымды қаламгер еліміздің рухани саласын дамытуға мол еңбек сіңірді. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырған Қабдеш Жұмаділұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – делінген жеделхатта.
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген.
1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады. 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шықты. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965–1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарған.
«Соңғы көш», «Бақыт жолында», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» сынды романдар мен бірнеше әңгімелер жинағының авторы.