«Алтын бауырым!». Димаш Құдайберген Иманбекті жеңісімен құттықтады
Иманбек Зейкенов Roses ремиксімен Grammy жүлдесін жеңіп алды
Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов (Imanbek) Roses SAINt JHN композициясымен Grammy жүлдесін жеңіп алды.
«Анама, әкеме, командама, менеджерім Кириллге рақмет. «Грэммиге» рақмет», - деді Иманбек Зейкенов 2021 жылғы «Үздік ремикс» аталымы бойынша жеңімпаз жарияланғаннан кейін.
Қазақстанда тарихында бірінші рет мәртебелі Grammy жүлдесіне ұсынылып, оны жеңіп алған Иманбекті бәрі құттықтап жатыр. Құттықтаушылардың бірі – қазақстандық әнші, дарынды орындаушы Димаш Құдайберген.
«Алтын бауырым, үлкен жеңісің құтты болсын! Өз талантыңмен біздің халқымыздың мәртебесін көтеріп тастадың!!! Бүгінгі бұл жұлдызды сәтің әлі талай ұзақ жылдар бойы сені алға жетелей берсін! Нағыз қазақтың DJ, ән өңдеушісі болса сендей-ақ болсын! Шаршама,талма,самға! Жарайсың!», - деп жазды Димаш.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 5 қарашасында Roses атты әнге (SAINt JHN) ремикс жасап әлемге танылған қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов Grammy сыйлығына ұсынылды. Номинанттардың тізімі әлемдік премияның ресми сайтында жарияланды.
Айта кетейік, Иманбек – Grammy сыйлығына үміткер болған алғашқы қазақстандық. Оның ремиксі YouTube желісінде 117 миллион рет қаралған, 20 аптадан аса уақыт бойы Billboard Hot 100 чартында үздік 10-дықта тұрды. Иманбек 2019 жылдың желтоқсан айына дейін теміржол станциясында жұмыс істеген. Алайда, оның Roses әніне жасаған ремиксі тағдырын мүлдем басқа арнаға бұрды.
Еске сала кетейік, шілдеде The New York Times басылымында Иманбек Зейкеновтің сұхбаты шығып, ол ата-анасымен бірге Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында тұратынын айтты. Иманбектің әкесі – өрт сөндіруші, анасы туристік агенттікте жұмыс істейді.
Сондай-ақ жақында қазақстандық музыкант атақты америкалық әнші, биші, актер, R&B бағытындағы табысты артист Usher және Marshmello деген лақап атпен танымал диджеймен бірлесіп Too much атты ән жазды.