$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.03.2021, 13:05
Мәдениет

Облыс, қала әкімдері Алаш арыстарына қатысты саяси қателік жіберді – Мәжіліс депутаттары

Депутат Қазыбек Иса ел азаттығы жолында күрескен тұлғалар дұрыс насихатталмай жатыр деп есептейді

Облыс, қала әкімдері Алаш арыстарына қатысты саяси қателік жіберді – Мәжіліс депутаттары
көрнекі сурет

Бірқатар Мәжіліс депутаты облыс, қала әкімдіктері жүргізіп отырған идеологиялық жұмыстарға қатысты шағым айтып, вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады. Олар бұрын белгісіз болған 700 Алаш қайраткерінің есімін анықтап, оларды ономастикалық тұрғыда қолдануды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері - Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімі келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда кең. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі қазақ елінің тәуелсіздігі жолында құрбан болғандар», - дейді Қазыбек Иса.

2019 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев «Алаш» мәдениет және рухани даму институтымен бірігіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулері негізінде жасалған тізімге көпшілік қауымға есімі ұмыт болған әр өңірдің жергілікті Алаш қайраткерлері енгізілген.

«Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандар атауына қолдануды ұсындық. Алайда, алынған жауап көңілге қонбайды. Жауаптары көбіне жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы 20 шақты танымал басшысының есімдерін атаумен шектелген. Сонда шенеуніктер Алаш идеясын бүкіл қазақты оятататын, біріктіретің ұран емес, кейбір адамдардың көзқарасы ғана деп көрсеткісі келетін сияқты», - деп шағымданды депутаттар.

Мәселен, фракция депутаттары Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жіберген.

«Атап айтсақ, Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенов, Хамит Тоқтамысов, Жахабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы және т.б. Олардың барлығы еліміздің азаттығы үшін өз өмірін саналы түрде құрбан етті. Осы 125 батырдың ішінен бір адамның аты ескерілді ме? Жоқ. Ең өкініштісі, осындай жағдай барлық облыс мен қалада да бар. Бұндай әділетсіздікті біз үлкен саяси қателік деп есептейміз», - дейді депутаттар.

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының өкілдері Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Алаш қайраткерлерінің есімін ономастика тұрғысында қолдануды жөн деп санап, аталған тізімді Үкіметке жолдады.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары