«Борат-2» фильмі «Алтын глобус» жүлдесін жеңіп алды
«Алтын глобус» - Оскардан кейінгі ең беделді сыйлық болып саналады
Джейсон Уолинер режиссерлік еткен, басты рөлді британдық актер Саша Барон Коэн сомдаған «Борат-2» фильмі Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығы анықтайтын «Алтын глобус - 2021» премиясының «үздік комедия» номинациясын жеңіп алды.
Еске сала кетейік, былтыр көрерменге жол тартқан әйгілі «Борат» фильмінің екінші бөлімі қазақстандықтардың біраз ашуын тудырды. Кинотуындының сюжеттік желісінде ойдан шығарылған қазақстандық қоғам мазаққа айналған. АҚШ-та түсірілген «Борат-2» фильмін насихаттау мен прокат алдындағы жарнамалық шаралар АҚШ, Аустралия және Ұлыбритания елдерінде белсенді түрде ұйымдастырылды.
Фильмнің мазмұнына шүйліккен қазақстандық белсенділер 23 қазан күні АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығының алдына келіп, туындының әлемдік прокатқа шығуына қарсылық танытты. Ал еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Жауапты ведомство Қазақстанда бұл фильмді көрсету үшін прокатқа өтінім түскен кезде ресми түрде жауап беретін болады» деп атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстандағы АҚШ-тың төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер «Бұл – бар болғаны, кино. Көрермен киноға барады, көреді, сонымен бітті» деп пікірін білдірді.