Алматылық ару «Голос Украины» жобасында көпшіліктің жүрегін жаулады
Музыкалық тележобада тағы бір отандасымыз бақ сынап жатыр
Алматылық Сәуле Жұмабекова «Голос Украины» («Голос Країни-11») музыкалық тележобасына қатысып, алғашқы турдан өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әнші болу – Сәуленің балалық шағынан бергі арманы. Украиналық тележобада Тина Карольдің тобына қосылғысы келген Сәуле, әншінің марқұм жұбайына арнаған «Я все еще люблю» әнін орындады.
«Бұл әнді таңдағаның үшін алғыс білдіремін. Мен үшін орны бөлек композиция. Өмірімнің қиын кезеңімен байланысты ән болғандықтан, өз орны бар», - деді Тина Кароль.
Көзіне жас алған әнші қазақстандық ару Сәулемен бірге осы әнді қайта шырқап, көрерменді еріксіз жылатты.
«Бұл шоуға қатысып жатқаным үшін өзімді бақытты адаммын деп санаймын. Тина қолымды ұстап, қолдау білдірген сәтте ертегіге енгендей сезімде болдым. Сахнадағы әр секунд мен үшін бақыт әкелді. Келесі рет сахнаға шыққанымда маған қолдау білдірсеңіздер, қатты қуанамын», - деді Сәуле.
Сәуле Жұмабекова кішкентайынан музыкамен айналысады. Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжін бітірген. Соңғы 4 жылда Диана Шарапованың вокал және музыка мектебінде оқытушы болып жұмыс істейді.
Еске салайық, бұған дейін тәлімгер Надя Дорофееваның тобына тағы бір қазақстандық Александр Лим өткен. Ол «Там де нас нема» әнін украин тілінде орындады.