Мемлекеттік хатшы каскадер Жайдарбек Күнғожиновты құттықтады
Театр актері Сәбит Оразбаевқа І дәрежелі «Барыс» ордені табысталды

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының 2020 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын табыс етті. Мемлекеттік стипендия Қазақстанның 75 әдебиет пен өнер қайраткеріне тағайындалды. Салтанатты рәсімге Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Мемлекеттік стипендия Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Александр Гарковец, Дулат Исабеков, Иранбек Оразбаев, Болат Аюханов, Гульвира Разиева және басқа да қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды.
Сонымен бірге, ақындар Бауыржан Халиолла, Мирас Асан, балерина Әсел Жанғасқаева, актер Аян Өтепберген, өнертанушы Валерия Недлина және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Одан бөлек, Қырымбек Көшербаев Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Сәбит Оразбаевқа І дәрежелі «Барыс» орденін салтанатты жағдайда табыс етті.
Бұл мәртебелі марапатқа танымал актер мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен иеленді.
Сәбит Оразбаев – саналы ғұмырын театр сахнасына арнаған дарынды актер. Жарты ғасырлық актерлік қызметінде ол қазақ және әлемдік классикалық, заманауи драматургиядан 100-ден аса драмалық рөлдерде ойнады. Шығармашылық жолын комедия жанрында бастап, «Бөлтірік бөрік астында», «Құдалар келді», «Беу, қыздар-ай» спектакльдерінде шеберлігімен ерекшеленіп, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», А.Чеховтың «Ваня ағайында» жарқын бейнелерді сомдады.
Мемлекеттік хатшы сондай-ақ «Nomad Stunts» каскадерлік тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновпен кездесіп, белгілі қазақстандық каскадерді Дүниежүзілік каскадерлер академиясының (АҚШ) беделді «Taurus» сыйлығымен марапатталуымен құттықтады.
Қ.Көшербаев бұл беделді халықаралық марапаттың Қазақстан каскадерлерінің жоғарғы шеберлігін мойындағаны ғана емес, қазақстандық мәдениет пен кино өнеріне қосқан зор үлесі екенін атап өтті.