$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.01.2021, 11:20
Мәдениет

«Көрінбейтін кедергілер бар»: режиссерлер Президенттің тарихи фильмдерге қатысты айтқанына жауап берді

Мемлекет басшысы Қазақстанда түсірілген тарихи фильмдер әлі де жеткіліксіз екенін айтты

«Көрінбейтін кедергілер бар»: режиссерлер Президенттің тарихи фильмдерге қатысты айтқанына жауап берді
Сатыбалды Нарымбетов, Рашид Нұғманов, Абай Қарпықов

Кинорежиссер әрі драматург Сатыбалды Нарымбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи тақырыпта көбірек фильм түсіру туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді. Режиссер осы сөздің Мемлекет басшысынан көптен бері күтіп жүргенін жасырмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы мақаласында тарихи фильмдердің аздығына тоқталған болатын. Осы жағдайға байланысты қазақ киногерлері Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдіріп, тарихи туындыларға қатысты ойымен бөлісті.

«2008 жылы Мұстафа Шоқай туралы тарихи туынды түсіргенде, фильмнің тұсаукесерінен кейін көрермендердің жылы лебізіне бөлендік. Сонда мен тәуелсіздік алғаннан кейін ұлтымызда өзін-өзі тану процесі басталғанын түсіндім. Көрермен ұлттық тарихымызды насихаттайтын киноларға сусап отыр. Осыған қатысты көзге көрінбейтін кедергілер бар. Одан бөлек мені мазалайтын тағы бір маңызды мәселе - кадр тапшылығы. Сауатты мамандар болмаған соң, қазақ киносына деген сенімсіздік пайда болып отыр.

Бірақ тыңдаңыз, бізде дарынды жастар көп, олар карантин кезінде де лайықты сыйға ие болды. Неге оларға отандық кинопрокат арқылы қолдау көрсетпейміз? Біздің көрерменге отандық туындылар мүлдем көрсетілмейді, сондықтан кинотеатрлар голливудтық өнімнен гөрі төл фильмдерімізді көбірек көрсету үшін отандық кинопрокатты қайтару керек. Прокатты өз киномызға бағыттау үшін үлкен күш жұмсау керек», - дейді Сатыбалды Нарымбетов.

Режиссер Абай Қарпықов қазір әлемде тарихи тақырыпта кино түсіру тенденциясы жүріп жатқанын айтты. Айтуынша, әрбір ұлт жаһандану процесінен аман қалу үшін өз тарихын түгендеуге кіріскен. Әсіресе, Азия мемлекеттері өткенін таспалауға қатты мән беріп отыр.

«Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарихи тақырыптағы сценариге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильм өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Көрерменнің қызығушылығын оятатын тарихи кинолар қандай форматта түсірілуі тиіс деген сұраққа келетін болсақ, кинопрокатқа өтетіндей формат қажет. Ол өте маңызды. Классикалық прокатты ешкім жойған жоқ және кинопрокат үшін бұл үлкен көркемдік стильдегі кино болуы тиіс. Бұл тақырып мемлекет үшін де өте маңызды екенін мойындау керек, Президенттің бұған назар аударуы кездейсоқ емес», - дейді танымал режиссер.

Киногер тарихи туындылар өтімді болуы үшін тарихи шындықты жеткізе отырып, «мінсіз, жасанды кейіпкер жасау» сияқты дүниелерден арылу қажеттігін айтады.

«Америкалық тарихи фильмдерге қараңызшы, барлығы өте сапалы әрі шынайы жеткізіледі.  Біз де сондай дәрежеде жұмыс істеуіміз керек. Қысқа сериал форматында немесе бірнеше маусымға созылатын ұзақмерзімді сериал ретінде шығаруға болады. Басты талап – тарихи туындының сапасы мықты болуы тиіс», - дейді Абай Қарпықов.

Режиссер ішкі нарықтағы сұраныс фильмді түсіруге кеткен шығынды көп жағдайда ақтай бермейтінін айтты.

«Қараңыз, Netflix қалай болғанда да сапалы туындыларды ғана іріктеп алады, олар кез-келген ұсынылған жобаны сатып ала салмайды немесе өздері түсірмейді. Қазір платформада ресейлік картиналар шығып жатыр. Бұл өте маңызды қадам, себебі мұндай серіктестік форматы өте тиімді. Көрермен сұранысы - кәсіби, лайықты көркемдік дәрежедегі кино. Шетелдік көрермендер үшін керемет картина, ал өзіміз үшін қарапайым кино түсіре салу керек деген ойлау дұрыс емес. Біздің елде көрермендер саны өте аз және Қазақстанның ішінде прокат арқылы картинаға кеткен шығынның орнын толтыру өте қиын, Netflix-ке шығу да қиын. Дегенмен, картиналарды шығару қажет. Егер мемлекет ұлттық мүддеге сай киножобаларды қолдаса, бұл сапалы тарихи жобалар ұсынуға үлкен мүмкіндік береді», - дейді режиссер.

«Еуразия» халықаралық кинофестивалінің директоры, режиссер, әйгілі «Игла-Ине» киносының авторы Рашид Нұғманов ресейлік атышулы саясаткерлердің мәлімдемесінен соң елімізде тарихи тақырыптың өзектілігі арта түскенін айтады.

«Қазақстан Президенті біздің кинематографистерге арнаған сөзінде шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалардың көп екендігін атап өтті. Әрине  әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн», - дейді режиссер. 

Қазақстан ұлттық кино орталығының қолдауымен Рашид Нұғманов Шыңғысханның немересі, Алтын Орданың негізін қалаушы, XIII ғасырдың ұлы саяси қайраткері – Батуға арналған деректі фильмнің өндірісін қолға алған. Бату мен оның әкесі Жошының өткені жайлы қазақстандық, ресейлік және еуропалық тарихшылармен, жазушылармен, публицистермен сұхбат барысында егжей-тегжейлі талданбақ.

«Ресей саясаткерлерінің Қазақстанның мемлекетіне қатысты даулы мәлімдемелерінен кейін, тарихи тақырыптың өзектілігі арта түсті. Алтын Орданың негізін қалаушы – Батуға арнаған жобамыз Ресей тарихымен тікелей байланысты. Бату мен православтық шіркеу әулие дәрежесіне көтерген Александр Невскийдің жақын қарым-қатынасына ғасырлар бойы түрлі баға берілді. Кейбірі жағымсыз дүние айтса, кейбірі оған оң көзқарасын білдірген. Олардың өзара байланысы екі ұлт пен екі мемлекеттің өзара қарым-қатынасын көрсетеді деп пайымдауға толық негіз бар. Екеуінің қарым-қатынасы кез-келген қысқа мерзімді идеологиялық мақсаттан әлдеқайда терең екенін уақыт дәлелдеді және әрі қарай дами беретіні сөзсіз. Ал қай бағытта дамитыны өзімізге байланысты.

Мен Президенттің тарихты көркемдік тұрғыдан қайта қарастыруға шақыру бастамасын қолдаймын және бұл процеске тікелей қатысуым қажет екенін сезінемін», - дейді Рашид Нұғманов.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары