Отандық фильмдер Испаниядағы фестивальде жүлдегер атанды
Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған испаниялық фестивальде Азиядағы 25 елдің 100-ге жуық фильмі көрсетілді
«Қазақфильм» киностудиясының президенті Арман Әсенов Испанияның Барселона қаласында өткен Asian Film Festival кинофестивалінде отандық туындылар жүлделі орынға ие болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арман Әсеновтың мәліметінше, Испанияның Барселона қаласында өткен Asian Film Festival кинофестивалінде «Қыз бен теңіз» киносы «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталды. Бұл кинотуынды биыл Лондонда өткен Romford film festival фестивалінде «Үздік әйел адамның рөлі» (Динара Шәріпова) жүлдесімен, Башқұртстанда өткен IV «Қүміс ақбозат» фестивалінде «Әлеуметтік және мотивациялық кино» номинациясы бойынша қоғам қайраткері Каринэ Хабированың арнайы жүлдесімен және Башқұртстан Республикасының Отбасы және еңбек министрлігі атынан «Армандардың орындалуы» арнайы сыйлығымен (актер Тахир Умаровқа табысталды) марапатталған болатын.
Сондай-ақ осы фестивальге қатысқан «Аруақ» картинасы (режиссері Хуат Ахметов) да «Ерекше» бағдарламасында «Үздік сценарий» жүлдесіне қол жеткізді. Сонымен қатар, Asian Film Festival фестиваліне «Қазафильм» киностудиясы түсірген «Шыңырау» (реж. Жаңабек Жетіруов, «Саташ» (реж. Төлеген Байтөкенов) және «На грани» (реж. Алдияр Байрәкімов) қатысты.
Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған испаниялық фестивальде Азиядағы 25 елдің 100-ге жуық фильмдері көрсетілді.