Ержан Максим бірінші орын алды - Eurovision байқауының Қазақстандағы продюсері
Junior Eurovision 2019 байқауында бірінші орынды Польша, екінші орынды Қазақстан, үшінші орынды Испания әншісі жеңіп алды
Кеше халықаралық Junior Eurovision байқауында Қазақстан атынан қатысқан Ержан Максим екінші орын алды. Ол онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша 79 ұпай жинаған. Ал, қазылар алқасы Ержанға 149 ұпай, Польша атынан қатысқан Виктория Габорға 112 ғана ұпай берді. Бірақ онлайн дауыс беру нәтижесінде поляк қызы басым түсіп, жеңімпаз атанды.
Eurovision байқауының Қазақстандағы продюсері Жан Мұқанов кеше Польшаның Гливице қаласында өткен байқауда Ержан Максим жеңіске жетті деп есептейді. Ал, «Ержанның екінші орын алуына қазақстандықтардың дауыс берудегі белсенділігі қалай әсер етті?» деген сұрағымызға:
«Бұл жағдайға пікір білдірудің ешқандай мағынасы жоқ деп ойлаймын. Онсыз да барлығы түсінікті. Ержан жеңді деп есептеймін. Ал дауыс саны бойынша олардың (Польша – авт.) 1 орын алуы заңды. Өткен жылы Данэлия Тулешова қатысқанда да солай болды ғой», - деп жауап берді Ж.Мұқанов.
Продюсер осыған ұқсас пікірді өткен жылы Junior Eurovision байқауына Данэлия Тулешова қатысқан да айтқан.
«Сіздердің дауыстарыңыздың арқасында біз үздік жетілікке кірдік. Бірақ мен үздік үштікте болуымыз керек еді деп есептеймін. Ал мұның саяси астары бар-жоғын айта алмаймын. Балаларды саяси ойынға араластырады дегенге сенгім келмейді», - деп жазған парақшасында.
Айта кетейік, ол кезде Данэлия Тулешова онлайн дауыс берудің нәтижесінде 103 ұпай алып, үшінші орынға шыққан. Алайда қазылар алқасының шешімімен 6 орынға түсіп қалды. Ол кезде де жеңімпаз Польша мемлекетінің атынан қатысқан әнші болды.
Продюсер Алпамыс Шаримов болса, Ержан Максимнің екінші орынға түсіп қалуы халықтың белсенділігі мен қолдауының төмендігінен деп есептейді.
«Ержан толығымен жеңімпаз болуға лайықты. Оған Еуропаның кәсіби қазылар алқасы бірінші орынды берді. Біздің қателігіміз - бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмауымызда. Көбі дауыс беру арқылы шешкен дұрыс емес дейді, бірақ байқаудың шарты сондай. Соны біле тұра қатыстық. Польшада халық саны бізге қарағанда көп дейді. Мәселе онда емес, мұндай логикаға салсаңыз 146 млн xалқы бар Ресей жеңіске жету керек еді. Бұл лайықты қолдау көрсете алмауымыздан», - дейді ол.
Ержан Максимнің анасы Гүлмира Әлібек байқау нәтижесіне байланысты жауап беруден бас тартты. Ол байқауға қатысты пікірін ертең Алматыда өтетін баспасөз конференциясында айтатынын жеткізді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан