«Аудармашы үнемі ізденісте болуы керек» - аудармашы Динара Мәзен
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлем тілдерінен оқулық аудару ісі межесіне жетті
Бірнеше жылда әлемдегі ең үздік деген университеттердің оқу бағдарламасына енгізілген 100 оқулық қазақ тілінде «сөйледі». Қазіргі таңда қазақ тіліне аударылып, басылған 100 оқулық еліміздегі 130 ЖОО-ға тегін таратылды. Қазақстандық студенттердің дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде заман талабына сай білім алуына жол ашылды.
Елімізде бұған дейін мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы болмады. Сондықтан осы жобаға қатысқан кәсіби аудармашы, көркем аударма магистрі, филолог Динара Мәзеннен ғылыми аударма саласының ерекшелігі мен жай-күйі туралы сұрап білдік:
Қазақ тілінде білім алатын студенттер салалық ғылыми еңбектерді орыс немесе ағылшын тілінде оқуға мәжбүр, өкінішке қарай, қазақ тілінде мұндай еңбектер өте аз. Осы олқылықтың орны 100 оқулықпен аз да болса толғандай көрінеді.
Өзім үш жыл ішінде оншақты оқулықтың аудармасына қатыстым. Алдымен әр кітаптың жеке-жеке шығармашылық тобы құрылды. Топтағы әр маманның өз міндеті бар. Аудармашы – ғылыми редактор – әдеби редактор – корректор – ғылыми кеңесші бірлесе жұмыс істейміз. Мәтін бірнеше мәрте ғылыми және әдеби редактурадан өтеді. Тіпті аудармашы мен редактордың бір сөздің аудармасына келісе алмай, оны ұзақ уақыт талқылайтын, сырттағы сала мамандарына жүгінетін кездері аз болмады.
Жоба аясында іріктеліп алынған оқулықтар – студенттер үшін маңызды, теория мен практика, сонымен қатар тәжірибелік тапсырмалар, түрлі кейстер қамтылған, оқулық талаптарына сай еңбектер. Мәселен, мен аудармасына атсалысқан «Қазіргі бизнес-коммуникация» деп аталатын оқулық студенттерге ғана емес, жалпы, карьера жасауға, кәсібилігін шыңдауға ұмтылған кез келген маман үшін өте пайдалы. «Медиа және журналистика» еңбегі студенттердің кәсіби деңгейін бірнеше сатыға өсіреді. «Азаматтық іс жүргізу» деп аталатын оқулық заң факультетінің студенттеріне үлкен көмек болары анық. Себебі бұл салада қазақ тіліндегі кітаптар саусақпен санарлық. Былтыр аударылған «Шағын бизнестегі менеджмент» әр адамның жұмыс үстелінде тұруға тиіс еңбек деуге болады.
Оған қоса, «Ұйымдық мінез-құлық негіздері», «Саясаттану», «Әлеуметтік зерттеу әдістері», «Зерттеу жобасын жүргізу» деп аталатын еңбектердің аудармасына қатыстым.
Ал енді бұл оқулықтардың аудармасына келсек, барлығын толықтай ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аудардық. Үш жыл ішінде көп термин бірнеше рет талқыға салынды, аудармашы-редактор сүзгісінен өтті. Ағылшын тілінде сөз мағынасы контекстке қарай ауысып отырады, экономикада бір мағынада қолданылса, заң саласында мүлде басқа мағына береді. Сондықтан әр кітапты аудармастан бұрын аудармашы, ғылыми және әдеби редактор жиналыс өткізіп, әр терминді талқылап, бекітіп алып отырдық. Ал бекітілген термин контекстке сай келмей тұрса, ғылыми кеңесшінің көмегіне жүгініп отырдық. Ғылыми редактор терминнің орынды қолданылуы мен сөйлем мағынасының ауытқымауын қадағаласа, әдеби редактор мәтіннің оқырманға ұғынықты болуына, жеңіл оқылуына жауапты. Редакторлар терминдер бірізділігі мен стиль сәйкестігін сақтауға міндетті болды.
Аударма жұмысын бастамас бұрын сол саланы зерттеп алуға тырыстым. Ғылыми аударма ісіне араласып көрген әрбір адам бұл жұмыстың қиындығын жақсы түсінеді. Өйткені қалыптаспаған ұғымдар, нақты бекітілген терминдер жоқ.
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы студенттерге, академиялық ортаға серпін әкелген жоба деуге болады. Аударма барысында баламасын таба алмай, қиналған сәттер болғанын да жоққа шығармаймын. Бәрі жүз пайыз дұрыс дей алмаймын. Аударма дегеніміз – үнемі жаңартып, толықтыруды, түзетулерді қажет ететін сала. Тіл – тірі организм. Аудармашы үнемі ізденісте болуы керек. Біз аудармашылар мектебі қалыптасуы керек деп жиі айтамыз. Ол өздігінен қалыптаспайды, ол осындай жобалар мен тәжірибе арқылы қалыптасады.
Бұл жобада білікті мамандармен танысып, тәжірибемді арттырып, қабілет-қарымымды шыңдай түстім.
Динара Мәзен «100 жаңа оқулық» жобасы оқулықтарынан бөлек, «Хәрри Поттер» сериясы мен «Аруна» баспасының балаларға арналған энциклопедияларын қазақ тіліне аударған.